Астанада ашынған үлескерлер құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада ашынған үлескерлер құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірді

Астанада ашынған үлескерлер құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірді

Астанада кезекті баспана дауы! Бұл жолы «Азбука жилья» атты құрылыс компаниясына алданған мыңдаған үлескер шу шығарды. Ашынған жұрттың айтуынша, салынуы тиіс бірнеше тұрғын үй кешеніне 40 миллиардқа жуық теңгені санап берген. Енді соңында жер сипап қалып отыр. «ЭКСПО» қалашығы салынып жатқан маңнан қос-қостан пәтер алам деп далада қалған үлескерлер бүгін мердігер компанияның кеңсесіне басып кірді.  Тіпті соңы қып-қызыл төбелеске ұласа жаздады.

  • 24 Маусым 2015
  • 371
Фото - Caravan.kz

Бұл «алдандық» деп ашуға булыққан жұрт. Барлығы 4 мыңнан астам үлескер 5 жыл бұрын 40 миллиардтай теңгесін тұрғын үй кешеніне салған. «Азбука жилья» атты құрылыс компаниясы оған 8 бірдей элиталық үй салуы тиіс болыпты. Алайда, жұрт сол пәтерлеріне қол жеткізе алмай әлі жылап жүр.

Жаңабек Жұмабеков, үлескер:

-Жауап бермейді, ақша жоқ дейді. Әлі құрылыс жүрмей жатыр.

-Іргетасы қаланған жоқ. Бос тұр сол күйі.

«Бос тұр» деп айтқан жер міне. «ЭКСПО» қалашығының дәл қасында орналасқан. Қоршалған құрылыс алаңында қалқиып тұрған бір краннан басқа техника жоқ. Ал, келісім-шартқа сәйкес үлескерлер пәтер кілтін былтыр алуы керек екен.

Зоя Бижанова, үлескер:

Мен 2 пәтерге  110 мың доллар бердім. Менің жолдасым қайтыс болды. Күнде келеміз осылай есікті ашпайды. Егер жақсы компания болса шығып неге жөндерін айтпайды?

Үлескерлердің көпшілігі несиеге қыруар қаржы алыпты. Енді сол қарыздарын да қайтара алмай діңкелеп отыр. Сондықтан төзімі әбден шегіне жеткен жұрт бүгін мердігер компанияның кеңсесіне басып кіруге мәжбүр болды.

-Ақшамыз қайда? Жауап бер.

Алайда жұртты сыртта сағаттап тұрғызып, ақыры ұсталған компания өкілі бұл жолы үйреншікті уәдесін де беруге жарамады. Жан жақтан жауған сұрақтың біріне де ләм-мим демеген қызметкер ақыры жауаптан сытылып кетті.


-Адамдар сұрақ қойып жатыр ғой сізге! Сіз неге мысқылдап күліп тұрсыз.

Осылайша миллиондарды жинап алып үлескерлерді тентіреткен компания мардымды жауап қатпады. Ал, әбден ызаға булыққан мыңдаған адам алдап соққан компанияны сотқа бермек. Әрі бұл іске Үкіметтің де араласуын сұрап қол жинап жатыр. Алайда, шенеуніктер «көмек  күтпеңдер» деп ашығын айтты.

Мұрат Доланбеков, Астана қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

-Бұл өте қиын жағдай. Қала да көмектескісі келіп отыр. Бірақ бұл мәселені тек «Азбука жильяның» өзі шешуі тиіс. Өйткені  бұл жерде Үкіметтен қаржы бөлініп, көмек көрсетіледі деген сөз жоқ.

Сондықтан мыңдаған үлескерге соттасудан басқа амал жоқ. Онда да 40 миллиардтың енді қайта қоюы екіталай.