Бұланды ауданының Байсуат ауылында қолға алынған құны 32 миллиард теңгеге бағаланып отырған жоба 2015 басталып, 2019 жылы толықтай жүзеге асырылатын болады. Кәсіпорынның қуаты жылына тірідей 60 мың тонна бройлер тауықтарын өндіруге мүмкіндік бермек. Жоба жүзеге асырылған кезде 700 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ақмола облысы әкімдігі қолдау білдіріп отырған бұл жоба екі кезең бойынша (2017 жылы — тірідей 30 мың тонна бройлер, 2019 жылы — 60 мың тонна бройлер) жүзеге асырылатын болады.
Аталған құс фабрикасының алғашқы қазығын қағу шарасына қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров пен облыс әкімі Сергей Кулагин және "Айтас" компаниялар тобының құрылтайшысы Серік Толықпаев аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, елімізде ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосатынын ерекше атап өтті.



