Бұл – 2 мыңнан астам жер телімі бар, тұрғындар жаңадан қоныстанған Деркөл ауылы. Жер телімін алғанда мұнда жарық та, жылу да болмаған. Жұрт әкімдікке қайта-қайта барып оларды қостырып алыпты. Енді, міне, ауыз су тапшылығын көріп отыр. Өңірдегі аптап ыстық та жығылғанға жұдырық болды. Себебі, 2 аптадан бері ауа температурасы +40 градустан түспей тұр.
Гүлжан Бердашева, Деркөл ауылының тұрғыны:
— Үйде балалар бар қиын. Әкімдікке айтып жатырмыз. Әлі жауап жоқ.
Ал бұл – ауылдағы жалғыз су көзі. Қазір әбден сусаған жұрт мұнда сағаттап кезекке тұрады. Тіпті, кейде тұрғындар төбелесуге дейін барады екен. Бірі машинамен келсе, енді бірі ит өлген жерден жаяу жетеді. Кейде, тіпті, үлгермегендері бос ыдыстарымен қайтатын көрінеді.
Айнагүл Жікеева, Деркөл ауылының тұрғыны:
— Осы колонкаға суға күнде кезекке тұрамын. Мынадай суды алып алып, жарты сағат жаяу өтемін.
Бұл құдықтан ауылдың сиырлары да шөлін қандырады. Жұрт амалсыздан малмен бір арнадан су ішіп отыр. Тұрғындары қақсып отырған Деркөлге су құбырлары былтыр жүргізіле бастаған екен. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалыпты. Ал шенеуніктер мұндай ауқымды құрылысқа әзірге бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтады.
Асылбек Саққазов, «Батыс су арнасы» ЖШС директоры:
— Былтыр 135 миллион теңгені игердік. Енді, осы жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отырмыз. Егер ақша бөлінсе, құрылысты одан әрі жалғастыратын боламыз.
Осылайша, шенеуніктер мәселе жақында шешіледі деп уәде етті. Бірақ тіршілік нәрінің қашан берілетінін нақты айту мүмкін емес.