Талқылауға мемлекеттік органдар, даму институттары, қазақстандық және шетелдік бизнес өкілдері қатысты.
Семинарда «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Берік Камалиев көліктік-логистикалық саланы жасақтаудың мемлекеттік сипат алып отырғаны, оны ғаламдық деңгейге көтеру қажеттігін әңгімеледі.
Елбасының бастамашылығымен басталған «Жаңа Жібек жолы» ғаламдық жобасын жүзеге асыру жобасы бойынша, 2020 жылдары Қазақстан арқылы транзиттік жүк ағыны екі есеге дейін артып, болашақта 50 миллион тоннаға дейін жеткізілетін болады»,-деп атап өтті Б. Камалиев.
Б. Камалиевтің айтуынша, индустриялық-инновациялық дамуды жүзеге асыру мәселесінде ҚТЖ жылжымалы құрам мен металлургия өнімдерін: тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондары, рельстер, бағыттауыш бұрмалар, тұтас құйма доңғалақтар, ірі вагон құймаларын шығарады.
Сондай-ақ, екінші бесжылдықтағы Индустрияландыру бағдарламасы бойынша жылжымалы құрамдарды кезең-кезеңімен алмастыру, көп салалы кешенді машина құрастыру саласын түрлендірумен жалғасады. Осыған орай машина құрастыру саласында еңбек етіп жатқан отандық және шетелдік компаниялар қолдау табады.
Инвестициялар және даму министрлігінің индустрияны дамыту мен өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Қанат Байытов, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ қолдау орталығының директоры Гүлнәр Бексаринова, «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» орталығы директорының орынбасары Олжас Біләлов, «KaznexInvest» экспорт және инвестициялары Ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Расул Қизатовтар темір жол машинасын жасау саласындағы қазақстандық үлесті өсіру, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы өз пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.