Бұрын хабарланғандай, көрме кезінде вокзал күн сайын 35 мың жолаушы қабылдай алатын болады, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, қала құрылысы кеңесінде «Мыңжылдық» саябағының маңайында орналасатын жаңа теміржол вокзалы аумағының даму тұжырымдамасы қаралып, бекітілді.
Бұл өз құрамында тұрғын үй кешендерін, бизнес-орталықтарын, қонақ үйлерді, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарын, басқа да әлеуметтік-мәдени объектілер орналасқан елорданың көп функционалды және перспективалы ауданы.
Жобаға сәйкес, коммерциялық ғимараттардың ауданы 656 032 шаршы метрді құрайды. Бизнес-орталықтар 507660 шаршы метр аумақты алса, қонақ үйлер, апартаменттер 304 375 шаршы метр аумақта орналасады. Ал, тұрмыстық қызмет үшін 126 000 шаршы метр аумақ бөлінген.
Елорданың жаңа теміржол вокзалы 2017 жылы іске қосылады және барлық бағыттар (Тобыл, Көкшетау, Карағанды, Павлодар) бойынша өткізу қабілетін қамтамасыз етеді.

