Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттердің қорғаныс министрлерінің Кеңесі өтеді.
Шараға ШЫҰ-ға мүше 6 мемлекеттің (Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан) делегациялары, сонымен қатар ШЫҰ-ның аймақтық терроризмге қарсы құрылымы мен Хатшылығының өкілдері қатысады.
Кеңесте халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасу, ШЫҰ жауапты аумақтардағы қауіптерге дұрыс әрекет ету жолдары талқыланбақ. Аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ұйымның қаржысын тиімді жұмсап, шараларды қолға алу жайы жеке тақырып ретінде сөз болады.
Отырысқа қатысушылар өткен жылды саралап, ШЫҰ елдерінің қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырады.
Отырыс барысында қорғаныс министрлерінің 2016-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылып, сонымен қатар Ұйым аясында қорғаныс ведомстволары арасындағы ықпалдастық деңгейін арттыруға көмектесетін бірқатар құжаттарды бекіту көзделген.
Кеңесті өткізу кезінде Санкт-Петерборда ШЫҰ мүше мемлекеттердің Екінші халықаралық әскери-музыкалық фестивалі өтеді. Бұл фестиваль әскери-мәдени тәжірибе алмасу мен әскери ұжымдарды біріктіретін қорғаныс ведомстволары ынтымақтастығының жаңа формасы болып табылады, деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігінен.