44 жастағы азаматтың табан асты дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырыпты. Жағдайы күрт нашарлағасын ақыры жедел жәрдем шақырған. Екі мәрте келіп кеткен дәрігерлер науқасқа тек ауруды басатын дәрі егумен шектеліпті. Ертесіне Мұхтар Олжатаев ілініп-салынып аудандағы жұқпалы аурулар ауруханасына зорға жетіп, «ангина»- деген диагнозбен емделеді. Алайда күн санап жағдайы ауырлап, ақыры бесінші тәулікте ауруханадан босатқан. Марқұмның қырым қанды безгегін жұқтырғаны тек Таразға келгесін белгілі болады.
Сандуғаш Көсембаева, қарындасы:
—Жұма күні оның аузынан қан кеткен. Қаладан дәрігерлер шақырды ма, әлде өзі келді ме білмедік, сонымен қалаға алып кетеді. Ол кезде ауруы асқынып кеткен.
Мұхтар Олжатаев қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасынада емделгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Марқұмның отбасы сондай-ақ онымен қарым-қатынаста болғандардың бәрі арнайы тексеруден өтті. Алайда ешбірінен вирус анықталмады. Бұл індет өте қауіпті сондықтан мәйіт жақындарына берілмеді. Арнайы көлікпен жеткізіліп, жөн-жоралғының да көбісі жасалмай дереу жерленді. Ал, ақхалаттылар әдеттегідей өздеріне шаң жуытпай отыр.
Ерлан Масалимов, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы:
—Бүгінгі күнге дәрігерлер бәрін дұрыс жасады. Оларда ешқандай кінә жоқ.Өздері бәрін сұрады, қарады, емдеді.
Мұхтар Олжатаевтың соңында бес баласымен әйелі қалды. Марқұмның туыстары оның өліміне кенені емес, осы індеттен құтқара алмаған дәрігерлерді кінәліп отыр. Сондықтан ангина мен қырым-қанды безгегін ажырата алмаған біліксіз мамандарды сотқа сүйремек.