Алматыда контейнерде тұрып келген үшемі бар отбасыға пәтер берілді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда контейнерде тұрып келген үшемі бар отбасыға пәтер берілді

Алматыда контейнерде тұрып келген үшемі бар отбасыға пәтер берілді

Үшемді қуантқан күн! Алматыда контейнер ішінде күнелткен отбасыға 2 бөлмелі пәтер берілді. Үш бірдей шақалағымен талай кісінің босағасын сығалап, ақыр соңында тастай суық күркеде тұрған Ізтілеуовтар бүгін тұңғыш рет өз табалдырығынан аттап, жайлы баспанаға қоныстанды. Темір қабырғада өскен үшемнің жағдайына КТК тілшілері араласқан болатын. Осыдан кейін бұл отбасыға жаны ашыған шенеуніктер бюджеттің ақшасына жаңадан салынған үйден бір пәтерді бөліп беріпті.

  • 2 Шiлде 2015
  • 245
Фото - Caravan.kz

Дүниеге үшем әкелген ананың бүгін қуанышында шек жоқ. Суығы сүйектен өткен күндер де, баланың денсаулығына алаңдап ұйқысыз өткен түндер де артта қалды.   

-Мында жуынатын бөлмеміз. Міне, жатын бөлмеміз!!!

Жаңа бөлмелеріне көзі тоймай қараған ерлі-зайыптылар жап-жаңа баспанаға қол жеткізгендеріне әлі де сенбей жүр. Бақыттан басы айналардай боп тұр. Әсіресе, Нұргүл жарық әрі кең асханасына дән риза.

Нұргүл Сындарова, үшемнің анасы: 

— Барлық нәрсе бір бөлмеде тұратын, балаларды да бір бөлмеде жуындыратынмын! Міне, қазір әр қайсысының өздерінің жеке бөлмелері бар. Міне, ас үйіміз бөлек, көріп тұрсыздар! Енді ас үйімде балапандарыма неше түрлі тамақтар жасап берем.

Дүниеге үшем әкелген бұл отбасы бір жарым жыл бойы кәдімгі контейнердің ішінде тұрған. Қоқыстың дәл қасында орналасқан темір күркеде шиеттей бүлдіршіндер бронхитке шалдығып, әбден әлсіреген болатын.Жылы баспана жалдауға да жағдайы болмаған отбасыға бұдан соң талай қайырымды жандар көмек көрсеткен. Тіпті, бүгінге дейін пәтер жалдап беріп, ал отағасының жұмысқа орналасуына көмектесіпті.

Нұргүл Сындарова, үшемнің анасы: 

-Енді балаларым үшін алаңдамасам да болады.  КТК телеарнасына үлкен рахметімді айтам, алғысымды айтам! Осы менің балапандарым ауырғанда алаңдап, менің бір жағымнан шыққаны үшін сіздерге үлкен рахмет! Алғысым шексіз!

Бұл енді тастай суық темір контейнер емес. Жұмыртқадай аппақ жып-жылы 2 бөлмелі пәтер. Тіпті әгінің иісі әлі аңқып тұр. Дәл бүгін Ізтілеуовтар отбасымен бірге Алматыда кісі босағасынан босағаға көшіп жүрген 30 шақты жанұя жаңадан пәтерлі болыпты. Ал ең бастысы, үшемдердің бірі Әмираның қуанышында шек жоқ. Бүгін оның қолында жаңа баспананың кілттері.