Қошқарбайда жұмыс істеп жатқан археологтар биыл олжалы. Әсіресе, жақсы сақталған 5 жасар баланың сүйегі олардың назарын ерекше аударған. Сүйек жанында өрнекті қыш құмыралар жатыр. Соған қарап, және баланың жерлену әдісінен бұл қорым қола дәуіріне жатады деп топшылайды мамандар. Экспедиция жұмысына білікті археологтармен бірге якутиялық студенттер де қатысуда.
Екатерина Девдивилова, студент: (Ресей )
-Мені таң қалдырғаны – мына маңда қорғандар көп екен. Өлілер даласы ма дерсің. Мынау жағдай тіпті нағыз сенсация! Жас баланың сүйегінің, тіпті тістеріне дейін жап-жақсы сақталғанын қараңызшы. Жерлегенде ана құрсағында жатқандай кейіпке келтірген. Басы батысқа қарап жатыр.
Қола дәуіріне тән қорғаннан алтын бұйымдар да табылған. Тіпті, жерленген адамдардың діни наным-сенімін білдіретін заттар да бар. Арасында қоладан құйылып, алтынмен апталған сырға әлі түсін жоймапты.
Рауан Ержанов, Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының инспекторы:
-Негізі қоладан жасалып, сырты алтынмен қапталған. Бас қаңқасының маңында құлақ тұсында анықталды. Олармен бірге анықталған қыш құмыраларға қарағанда Петровка дәуірін сипаттайды.
Тарихи ескерткіштерді жақын арада толығымен зерттеп болу қажет. Әйтпесе, қорғандардың үстінен көлік жолы өтіп әбден мүжіле бастаған.
-Қошқарбай қорымында 150-ге тарта әлі ашылмаған тарихи ескерткіш бар екен. Оның барлығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін Кеңөткел ауылын түгел көшіру қажет және де оған қомақты қаражат керек дейді археологтар.
Облыста биылғы археологиялық қазба жұмыстарына бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген. Археологтар бұл қаражатқа осы жазда бірнеше нысанды зерттеп шығуға тиіс.