-Міне, кішкентай бала, жаңа туған бала, мынау келінім, жас! 23-ақ жаста! 5 жарым жастағы балам әне! Тірідей өртеніп кетті.
Егіле жылаған ананың көз жасына, тіпті шыжып тұрған күн көзі де шыдамай 40 градустық ыстықта жаңбыр жауып кетті. Бірақ плакат ұстаған туыстар тұрған жерінен қозғалған жоқ. Қайта ұрандатып, атышулы оқиға үшін «Алматы газ» компаниясы басшылығының жауапқа тартылуын талап етті. Екі жыл бұрын жеке үйлердің бірінде жойқын жарылыс болып, перзентханадан жаңа шыққан келіншек сәбиімен және 5 жасар бала тірідей өртеніп кеткен. Қайғылы жағдайға құбырға көгілдір отынды ескертпей жіберген газ мекемесі себепкер делінген еді басында. Бірақ аш ішектей созылған осы іс бойынша басшылар емес, қара жұмысшылар ғана жауапқа тартылды. Ал құжаттарға тікелей қол қойған мекеме басшысы өз жұмысын жайбарақат жалғастырып, тіпті сотқа келуге де қолы тимей жүр екен.
Талғат Чаграев, марқұмдардың туысы:
-Кішкентай жиенімді мәйітханадан шығарар кезде өз қолыммен алып шықтым. Еріндері күйіп, тістері ырсиып жатты! Біздің талап ететініміз – әділетті болсын. «Алматы газ» басшылығының сотқа тартылуын қалаймыз.