Сұхбат басында Мемлекет басшысы Астананың ел астанасы ретіндегі жобасын қалай ұсынғанын, бүгінде атауы ел асып, барша жұртқа танымал болған осындай көрікті шаһардың қалай салынғанын айтып берді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің балалық шағы мен өмір жолы, ананың ақ сүтімен, атаның ақ батасымен бойына сіңірген қасиеттері туралы сырларымен бөлісті. Балалық шағынан естеліктер келтіре отырып, ұлттар бірлігі мен татулығы жайлы сөз еткен Елбасы бұл ұстанымдарының бүкіл өміріне өзек болғанын айтты.
Бағдарламада Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қайраткер ретіндегі алғашқы қадамдары туралы деректі фильмдерден үзінділер келтіріліп, Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасу жолы, осы жылдары басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдері мен сол қиындықтарды жеңуге деген талпыныстары әңгімеге арқау болған.
Еуразиялық одаққа қатысты ойлар мен Қазақстан экономикасының өсіп-өркендеу кезеңдері, оның әлем экономикасындағы алатын орны да назардан тыс қалмады.