Халық көп жүретін жердегі банкоматтың қызметіне жүгінетін адамдардың көп болатыны белгілі. Алаяқтар Астанадағы осындай аппараттардың бірін таңдаған. Банкоматқа «скиммер» деген құрылғы қойылып, 48 адамның жеке мәліметтер мен ПИН-кодын көшіріп алыпты.
Марат Әлменов, , «Халық банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
-ПИН-коды бұзылған клиенттерді тез анықтап, төлем карталарын уақытша жауып тастадық. Алдағы 2-3 күнде оларға қайта шығарылған карталар беріледі. Бұл қауіпсіздік мақсатында жасалып жатқан іс-әрекеттер.
Картадағы жеке мәліметтер «скиммер» арқылы ұрланады. Ал ПИН-кодты ашу үшін жасанды пернетақта қойылады немесе банкоматтың үстіне шағын бейнекамера орналастырылады екен. Сондықтан клиентке барынша сақ болу керек.
-Бірінші кезекті банкоматта бөгде заттардың жоқтығына көз жеткізіңіз. Басты назар пернелер мен карта салынатын аймаққа аударылуы тиіс. Мүмкіндігінше жақсы жарықтандырылған және кеңсе мен банк ғимараттарында қойылған банкоматтың қызметіне жүгінген жөн.
Ал ПИН-кодты тергенде екінші қолыңызбен жауып тұрыңыз. Сондай-ақ пернелердің үстінде желім іздерінің жоқтығына көз жеткізіңіз. Сондай-ақ СМС-банкинг жүйесін іске қоссаңыз, есепшоттағы барлық операциялар жөнінде хабарлама алып отырасыз. Әрі шешілетін ақша көлемін шектеп тастаған дұрыс. Бұл кезде алаяқтар бірден барлық соманы шешіп ала алмайды. Ең сорақысы «скиммерлер» интернет желісі арқылы еш кедергісіз саудалануда. Құны 180 мың теңгеден басталады. Алаяқтықтың осы түрі соңғы кезде артса да, «скиммерді» сатқан да, сатып алған адам да жауапқа тартылмайды екен.
Сергей Уткин, заңгер:
-Басқа елдерде есепшоттағы қаржы ұрлығына көмектесетін құрылғыларды сату қылмыс. Сондай заң бар. Ал бізде бұл әлі қолға алынған жоқ. Сондықтан кез-келген адам оны еркін пайдалана алады. Тек қылмыс үстінде қолға түспесе болғаны.
Қолға түскендері де аз емес. Тек соңғы алты айдың өзінде елімізде осындай қылмыс жасаған 10 адам ұсталып, қылмыстық жазаға тартылыпты.