«Қазақстан-Үндістан қарым-қатынасы әруақытта да сенім мен өзара түсіністік рухында дамып келді. Сіздің сапарыңыз, шын мәнінде, біздер үшін және біздердің өзара қарым-қатынасымыз үшін тарихи оқиға. Біз қазір сізбенен экономикадағы, саясаттағы, өңірлік және халықаралық ахуалдағы қарым-қатынастың барлық аспектілерін барынша кеңінен, сенімді түрде талқыладық», — деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық күн тәртібі ұқсас екендігін, сауда-экономикалық саланың зор әлеуеті, сан ғасырлық достық, мәдени-тарихи байланыстар рухы бауырлас халықтарды жақындата түсетіндігін атап өтті. Сонымен қатар Елбасы қолда бар әлеуетті екі халықтың игілігі үшн және екі мемлекеттің гүлденуі үшін пайдалану қажеттігін баса айтты.
«Мен сізді және үнді халқын сіздің Премьер-Министр болып сайлануыңызбен және халқыңыздың игілігі үшін жүзеге асырмақ болып отырған зор бағларламаларыңызбен құттықтаймын. Сонымен қатар сізді және Үндістан халқын Сіздің ұсыныңызбен БҰҰ қабылдаған Халықаралық йога күнінің өтуімен құттықтаймын. Бұл — бүкіл әлемдік қоғамдастықтың үнді халқының рухани мұрасын мойындауы. Біздің кездесуіміз және сіздің сапарыңыз біздің қарым-қатынасымызды нығайтып, жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Біз мұның барлығын жеке кездесуімізде талқыладық», — деді ҚР Президенті.