Үгітіле бастаған қабырғаның кесірінен терезенің жақтауы қисайып, әйнегі сынып кетіпті. Жиһазы жиналып, бұрыш -бұрышына бос шелектер қойылған. Сыз тартқан бұл бөлмеде балалар шахмат үйренеді. Сыныптағы компьютерлер құрғақ жерге көшірілген. Бөлменің жарығын да жағуға да рұқсат жоқ.
-Бұл ғимаратқа осыдан бес жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған. Сонда жұмсалған 5 миллион теңгенің тең жартысы шатырды жөндеуге кетіпті. Алайда араға үш жыл салмай-ақ төбеден тағы да су сорғалай бастапты.
Мына кадрларды клуб мүшелерінің өздері түсірген. Төбеден аққан суға шелектерге сыймағандықтан, бөшкелер қойылыпты.
Әскер Төлегенов, әуесқой шахматшы:
—Демалып кішкене кіріп отырайын десең, су болып кетеді. Сондықтан бізге қиын болып тұр. Айтпаған жеріміз жоқ.
Алайда оны еститін құлақ табылмай тұр. Спорт мектебінің әкімшілігі жаңа шатырға 8 млн теңгенің сметалық құжаттарын дайындап қойыпты. Бірақ бұл қаржының биыл бөлінуі неғайбыл.
Галина Воднева, «Барыс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:
-Әкім біледі. Ол өзі келіп мына сұмдықты көрді. Бірақ әзірге қаржы бөлінген жоқ. Ала жаз бойы тағы осылай отырсақ, келесі көктемде төбе опырылып түсері анық.
Күніне 80 зейнеткер мен 50 бала келіп шахмат ойнайтын бұл клубтың жарты ғасырлық тарихы бар. Мұнда үш мәрте ел чемпионы мен әлем рейтингінде алтыншы орынды ойып алған жеңімпаздар тәрбиеленіпті. Дүние жүзі мойындаған майталмандарды мына ғимараттан шықты деуге аузың бармайды.