Шенеуніктер шешімнің шикі болғанын енді ұққан секілді. Себебі туризмді дамытамыз деп кеуде соққанымен шетел азаматтарының көрікті мекендерге кіруін қиындатып жіберген. Яғни әлемге танымал ондаған курорттық аймақтарға, мысалы Көлсай, Шарын шатқалы, Алакөл, Медеу мен Шымбұлаққа шығу үшін туристер апталап жатып арнайы рұқсат қағазын алуы тиіс. Бұл шектеуден туроператорлар шығынға батып, саяхатшылар Қазақстанға келуден бас тартқан. Ал Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бекіткен даулы құжат қазір премьер-министрдің кабинетінде жатыр екен. Егер Кәрім Мәсімов шектеуді алып тастаса, шетелдіктер ешқандай рұқсатсыз қорық пен ұлттық парктерге емін-еркін кіре алады.
Тимур Дүйсенғалиев, ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті директорының міндетін атқарушы:
-Мәселе бір жарым айда шешіледі деп ойлаймыз. Қаулы бекітілісе, барлық туристік аймақтар бұрынғыдай жұмыс істейтін болады. Еш шектеусіз. Өйткені, рұқсат алу Қазақ елін көремін деп келген саяхатшыларға қолайсыздық тудырып жатыр.