Алматыда ақшасын даулап ашынған мүгедек шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда ақшасын даулап ашынған мүгедек шу шығарды

Алматыда ақшасын даулап ашынған мүгедек шу шығарды

Алматыда жұмыс кезінде аяғынан айырылған мүгедек тиесілі жәрдемақысын ала алмай жүр. «Алматы су» холдингінің бұрынғы қызметкері Алексей Кияницкий 1 жыл бойы соқыр тиын көрмеген. Ашынған азамат «жалғыздың үні шықпасын» білсе де, екі күннен бері өзі мекеме алдында наразылық білдіруде.

  • 14 Шiлде 2015
  • 225
Фото - Caravan.kz

Алексей Кияницкий:

— Бұлармен соттасамын деп шаршадым. Сұрап отырғаным, соттың шешімі бойынша маған төлеуге тиісті ақша ғана. Жәрдемақыны «Су құбыры» коммуналдық кәсіпорны төлемей отыр.

Алексей Кияницкий 20 жыл бұрын осы «Алматы су» мекемесінде жүргенде аяғын кесіп алып, мүгедек болып қалған. Бұрынғы жұмыс берушілерімен 19 жыл соттасқан азамат ақыры жеңіп, былтырдан бері мекеме оған ай сайын 56 мың теңге жәрдемақы төлеуге міндеттеліпті. Сот шешімі шықса да, мүгедек жан әлі көк тиын көрген емес. Кияницкий сияқты мүгедек болып қалып, ақы алмаған тағы екі адам бар екен. Ал, «Алматы су» холдингі жәрдемақы төлейтін жағдайда емеспіз деп «ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр». Айтуларынша, онсыз да қарызға белшеден батқан. Яғни, үш мүгедек қызметкеріне бүгін-ертең ақша ұстатқалы отырған жоқ. Сондықтан сотпен де ештеңе өндіре алмаған Александр Кияницкий енді жәрдемақысы қолына тигенше мекеме алдында осылай наразылықты тоқтатпауға бел буған.