Атыраулық «қария-бала» Нұржан Өркешбаев үйлену тойына Андрей Малаховты шақырды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атыраулық «қария-бала» Нұржан Өркешбаев үйлену тойына Андрей Малаховты шақырды

Атыраулық «қария-бала» Нұржан Өркешбаев үйлену тойына Андрей Малаховты шақырды

«Қария-бала» Нұржан Өркешбаевтың қазір жасы 24-те, соңғы күндері әлеуметтік желілерде Нұржанның үйлену тойына шақыру билетінің көшірмесі жарияланып жатыр.

  • 14 Шiлде 2015
  • 1553
Фото - Caravan.kz

Көпшілік мұқырлық жігіт үшін қуанып, жас жұпқа бақыт тілейді, деп жазады «Ақ Жайық». 

Басылымның жазуынша, Нұржан телефон арқылы тойының 7 тамызда болатынын растаған. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірінші арна жүргізушісінің тойға келуіне қатысты келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, төрт жыл бұрын «Пусть говорят» бағдарламасының жүргізушісі Андрей Малахов Нұржанға арналған хабарда оның тойына келемін деп уәде берген екен. 
Қазақтың дәстүрі бойынша тойда 400 адам болады.
— Қазір ауылдамын, тойды ұйымдастыруға байланысты шаруалар көп. Малаховтан басқа шалғайдағы меймандардан маған ота жасаған алматылық емхана дәрігерлерін шақырдым, — деп әңгімелейді Нұржан. — Ата-анамда бәрі жақсы. Осы жерде, ауылда тұрғымыз келеді. Қанша дегенмен үлкен ұлмын ғой, менің болашақ зайыбым ата-анамның тұңғыш келіні болмақ. Ал ініме үйленуге әлі ерте. Қалыңдығымның есімі Әсемгүл, Құлсарыдан, оқуын бітірді, бірақ әзірге жұмыс табылған жоқ. Өзім музыкант болып жұмыс істеймін, топпен бірге өнер көрсетемін. Қазір маған көпшілігі қоңырау шалып, алдағы үйлену тойым туралы әңгімелеуді өтінеді, соның ішінде республикалық арналар да бар. Бәріне де 27 шілдеде Атырауға барып, баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отырғанымды айтамын.
Естеріңізге салсақ, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының тұрғыны Нұржан Өркешбаев бала кезден прогерия (терінің ерте қартаюы) сырқатына шалдыққан. 2011 жылдың желтоқсанында «Ниссамед» емханасында оған 2 кезеңді кешенді косметологиялық операция жасалды. Содан кейін ол едәуір «жасарып» қалды. Сол кезде дәрігерлер сыртқы қартаюдан өзге Нұржанның ағзасында ешқандай қайтымсыз процесс жүріп жатпағандығына сендірген болатын.