Астанада бағанаға соғылған автобус жүргізушісі 3 күн демалып жұмысқа шыққан - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада бағанаға соғылған автобус жүргізушісі 3 күн демалып жұмысқа шыққан

Астанада бағанаға соғылған автобус жүргізушісі 3 күн демалып жұмысқа шыққан

Астанада 23 адамды жазым ете жаздаған жол апатына қатысты жаңа дерек! Жолаушыға лық толы автобуспен бағанаға соғылған жүргізушінің созылмалы сырқаты болуы мүмкін. Сол себепті де көзі қарауытып, естен танған. Бастан оңбай жараланған ол қазір дәрігерлердің жіті бақылауында. Оқыс жағдай сенбіде болған. Автобус жүргізушісі рөльде естен танып бағанаға соғылған еді. Салдарынан жолаушылар  қатты соққыдан аяқ қолдарын сындырған.

  • 21 Шiлде 2015
  • 443
Фото - Caravan.kz

Жантүршігерлік жол апаты Есілдің сол жағалауында болды. Әуежайдан шыққан №10-шы автобус діттеген жеріне жете алмай жол ортада қаңтарылып қалған. Өйткені, рөлдегі жүргізушінің кенеттен көзі қарауытып есінен танып қалыпты. Кейін жолаушыға лық толы автобус жолдан шығып, бағанаға соғылып бір-ақ тоқтаған.

Артынан жедел жәрдем бірінен соң бірі осында ағылды. Өйткені қатты соққыдан қанға боялған автобустағы 20-дан астам жолаушы зардап шеккен. Біразының аяқ-қолы сынып, бастан жараланса, қалғаны жеңіл жарақат алды. Қайта рөлдегі 50 жастағы азамат естен танбас бұрын айқайлап белгі беріп үлгеріпті. Барлығынан ауыр жараланған да сол жүргізуші. Қазір оның естен тануына не себеп болғанын дәрігерлер тексеріп жатыр.

Руслан Қарабаев, дәрігер:

-Бас сүйегінің жабық жарақатын алған.Миы шайқалған. Компютерлік тамография жасап жатырмыз. Жағдайы бір қалыпты. Өміріне төнген қауіп жоқ. Сауыққан соң тексеру жүргіземіз. Созылмалы сырқаты болуы мүмкін.

Адамдарды  жазым ете жаздаған жүргізуші Игорь Кобзев. 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Жол апаты кезінде сау болған. Әрі 3 күн демалып жұмысқа шыққан беті екен. Әзірге апат аптап ыстықтан болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені, жүргізуші шақырайған күннің қызуынан естен танған көрінеді. Десе де, автобус су жаңа. Салқындатқышы да бар.

Софья Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Осыған байланысты полиция қызметкерлерімен тиісті сараптамалар тағайындалып, анықтау жұмыстары жалғасуда.

Аптап ыстық міне соңғы екі аптада қыспаққа алып жатыр. Қан қысымы көтеріліп, өздерін нашар сезінгендерге жедел жәрдем барып үлгере алар емес. Сондықтан еліміздің санэпидемиологтары аптап ыстықта жұмыс уақытын өзгерту керек дейді.

Рабиға Мелебаева, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас маманы:

-Бұл бірнеше елде бар. Аптап ыстық кезінде жұмыс әдеттегі уақыттан екі сағат бұрын басталады. Ал, күн қызған уақытта 3-4- сағат көлеңкеде жатса, ал түс қайта жұмысын жалғастырады.

Астанадағы апаттан келген шығынның кімнен өндірілері де белгісіз. Ал, аптап ыстық алдағы уақытта қайтады дейді синоптиктер.