Терезесі үңірейген, қабырғасы қаусаған мына қоржын тамда жалғызбасты ана бес бірдей қызымен тұрып жатыр. Жамбыл облысынан күйеуімен бірге осыдан бес жыл бұрын көшіп келіпті. Жайлы тіршілік іздеген жандардың жағдайы мәз болмай тұр. Қиыншылыққа төзе алмай отағасы безініп кеткен.
-Тастап кеткен күйеуіміз… Қиыншылыққа шыдай алмаған шығар
Күйеуден содан ұшты-күйлі хабар жоқ. Арқа сүйер асқар тау осылайша күл боп үгітілген соң бар ауыртпалықты Жанна өз мойнымен көтеріп келеді.
Жанна Сағындықова:
-Күнделікті қай жақтан жұмыс шығады, соны істеймін. Қазір он күндей болды, үйдемін. Үй деген аты. Қыста суық, жан-жағының бәрі көгеріп кетеді, ортасында тұрамыз. Сырты қапталмаған, жарығы жоқ. Суды көршінің үйінен тасимыз, бала-шағамызбен жабылып.
Ең үлкен қызы Мейрамгүл әлі 17-ге толмаған. Одан кейінгісі 15-те. Жаннаға қолғанат болатын да солар. Ақшаның жоқтығынан үлкен қызы оқудан да шығып қалыпты. Қазір Қаскелең қаласындағы асханалардың бірінде даяшы боп істейді. Күнделікті тапқаны отбасының азығы болып отыр.
Гүлмира, Жаннаның қызы:
-Мың жарым теңге, адам болмай қалса, 500 теңге. Жұмыс істеу керек. Өзім мамандығым мұғалім, бастауыш сынып.
Камера тақалса бұл үйдегі кім-кімнің де көзіне жас үйіріле қалады. Ащы зар мен мұң-қайғы үлкенді қойып, кішкентайларға дейін жүрегіне өтіп кеткен. Бірақ, Жанна қалайда тағдыр сынағына төзімділікпен қарауға бекінген. Оның ендігі бір үміті қайырымды жандарда.
-Жүрегі кең азаматтар көп деп ойлаймын, көмектесер деп, үміттенеміз. Өзіміздің жеке үйіміз болса екен деп армандаймыз бала-шағамызбен.