Алматыда селден кейін үйіне оралған тұрғындар дүние-мүлкінің ұрланғанын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда селден кейін үйіне оралған тұрғындар дүние-мүлкінің ұрланғанын айтты

Алматыда селден кейін үйіне оралған тұрғындар дүние-мүлкінің ұрланғанын айтты

Селден кейін сергелдеңге түскен жұрт! Кешегі жойқын тасқында жапа шеккен жұрттың біразы әлі көмекке қол жеткізе алмай отыр. Құтқарушылар тоқтаусыз жұмыс істегенімен, тазартылмай қалған көше тұрғындары үйлеріне кіре алар емес. Барлығын  бірдей тазалауға техника жетпей жатыр екен. Сондықтан бірінше кезекте өзен аңғары мен негізгі көшелер балшықтан аршылған. Иесіз қалған үйлерде ұрлық дерегі де тіркеліпті. Құтқарушылар мен шенділердің назарынан шет қалған бірнеше тұрғын бүгін жергілікті әкімдікте айқайға басты.

  • 25 Шiлде 2015
  • 482
Фото - Caravan.kz

Бүгін №176 мектепке жасақталған орындар бос тұр. Үйлерін су басқан жұрт кеше қас қарайғанда кетіп қалыпты. Мұнда тек 8 адам ғана түнеген. Олар да таңның атысымен өз үйлерінің жағдайын көруге аттанған.

Солардың бірі Камалсейіт Езімбаев. Оның үйі бөгетке жақын орналасқан. Сондықтан сел жайлы ести салысымен баспанасын тастап, қауіпсіз жерге кетіпті. Қайта лай су өзен арнасымен ағып, баспанасы бүлінбеген. Бірақ ішінде тірі жан жоқ екенін білген ұрылар құнды деген заттарды қолды қылған.  

Камалсейіт Езімбаев, Қарғалы ауылының тұрғыны:

Құнды  ішік, алтындар, балаларымның киім-кешектері. Өзінің киімдері, костюм-шалбар мен көйлектер ұрланған.. Қызымның алтындары да жоқ.

Селден кейін апат аймағына қосымша тәртіп сақшылары тартылып, күзет күшейтілгенімен ұрлардың барлығына бірдей олар тосқауыл қоя алмаған сыңайлы. Сұғанақтардың бірін тіпті тұрғындардың өздері ұстап алған.

Ал бұл Құрамыс ауылындағы көрініс. Селден соң бір тәуліктен артық уақыт өтсе де не құтқарушылар, не шығынды есептейтін комиссия бас сұқпапты. Ал ауыл іші белуардан балшық.

-Әй, түсірме мені құдай-ау!

-Тұр-ей, тұр, тұр!

-Мынаны қара батып қалды.

 

Жұлдыз Әлімжанова, Құрамыс ауылының тұрғыны:

–Батпақ қазір сіңеді, іргетасы әбден отырады. 1 айдан кейін үйіміз құлап қалады. Бұл селден болмады,  үй ескі, өзен жағасында деп жаза салуы мүмкін.

 

Қой тастарды жылжытып, көпірлерді қиратқан сел қаланың төменгі бетіндегі Алғабас ауылының тұрғындарын да әбігерге салған. Тек ауыр техника өте алатындай жағдайға түскен жолдар таңнан бері тазартылуда. Ал зардап шеккен 127 ауланы ретке келтіру үшін коммуналшылар ақы сұрапты.

 

Нұрхан Ахметов, Алғабас ауылының тұрғыны:

–Бағана әкімдіктен  келдік деді. Кім екенін  білмейміз, бізге құжаттарын  көрсеткен жоқ жас жігіттер. Міне машина, бензинін құясыздар  әрбір рейсіне 3 мың теңгеден ақша төлейсіздер деді. Біз оған келіспедік.

 

Апаттан ақша жасағысы келген пысықайлар барлық су басқан аудандарда төбе көрсетіпті. Көмек келмеді деп ашынған бір топ тұрғын бүгін Наурызбай ауданының шенеуніктерін жағадан алуға дейін барды. 

 

–  Кім айтты?

  • Жақсы, маған  25 мың береңіз тәте, мен сізге тазалап беремін деді. Айналайын мен қайдан табамын 25 мыңды.

 

Қазір сел зардабын жоюға 1700 адам мен 300-ге тарта техника қызмет етіп жатыр екен. Бірақ бұл аз дейді құтқарушылар. Сондықтан Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды күте тұруға шақырды.

 

Нұрлан Мадияров, Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

-Адамдардың бір тобы түнгі сағат екіге дейін жұмыс істеді. Екінші топ таңғы 6-да ауысты. Олардың да демалуы қажет. Басты қиындық техниканың аздығында. Біз бірінші кезекте өзен арнасын қалыпқа келтіреміз. Содан соң көшелер мен үйлердің ауласын тазарту жұмыстары қолға алынады.

 

Қазіргі таңда шайылып кеткен 7 көпірді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар 27 электр бағанасын қайтадан орнату қажет. Ал шығын көлемі әлі де есептелуде.