Сондықтан жұмысшыларды қысқартқанша, айлықты азайту екі жаққа да оңтайлы боп тұр дейді үнділік инвестор. Енді 1-ші тамыздан бастап кеншілер 25 пайызға кем еңбекақы алады. Мұндай шешім қабылдау үшін металлургиялық комбинаттың аузы күйген бас директоры Үкіметпен және кәсіподақтармен келіссөздер жүргізген. Өйткені, ақпан айында өз бетінше 50 пайызға еңбекақыны қысқартқан Виджай Махадеван әкімшілік жазаға тартылған еді. Ол кезде үнділік магнаттың бұлай шала бүлінуіне нарықтағы жағдай емес, мемлекеттің «Арселор Миттал Теміртау» алдындағы миллиардтаған қарызы себеп болған. Енді Үкіметтегілердің алдынан өткеннен кейін, мән-жайды жұмысшыларына түсіндіру қалыпты.
Виджай Махадеван, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:
-Ресей рублі құлдырағалы кәсіпорындағы ахуал қиындады. Ол жақтан арзан өнімдер ағыла бастады. Екінші жағынан Қытай қосылды. Олар ең төменгі бағамен өз тауарларын тасымалдауда. Экспортқа шығару да қиындады. Бүкіл нарықты осы екі ел жаулап алған.