Қыста басталған ипподромға қатысты дау жазда шешімін тапты. Енді оның 42 гектар аумағына көпқабатты үйлер мен алып дүкен салынбайтын болды. Ғасырға жуық тарихы бар нысанның сатылатыны жайлы ақпарат тараған соң қоғамда түрлі пікір туған еді. Ақыр аяғында атқамінерлер ақшаны аямай, жаңа жобамен айналысуды жөн көрген.
Қайрат Құлбаев, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
— Бұл бизнес-жоба болады. Оның құны 4 млдр 200 млн теңге. Салынған қаржыны ақтап алу жобасы дайындалуда. Бар нысандарды жөндеуден өткізгеннен өзге, жарыстарды жандандырып, жылқылардың жаңа тұқымын алатын зауыт іске қосылады.
Ипподромның қазіргі қожайыны сүріледі деген қоралардың әбден ескіргенін алға тартуда. Соңғы рет 30 жыл бұрын жөнделген ғимараттың қазіргі жағдайы мәз емес. Сондықтан бірін жаңарту үшін, бірін сатпақ болыпты. Себебі, ат шабыстарының негізгі табыс көзі – тотализаторға жылдар бойы рұқсат ала алмаған.
Шухрат Илохунов, ипподром қожайыны:
— Ұйымдастырылған жарыстардың бірі де табыс әкелмеді. Негізі ат спортының дамуы үшін ипподромда тотализатордың болуы қажет. Онсыз салынған қаржының барлығы бос кетеді. Бірнеше жыл бойы рұқсат алуға әрекет жасадық, бірақ нәтиже болмады.
Ал заң бойынша бәс тігетін ойындардың өтетін орны тек Қапшағай мен Бурабайда болуы шарт делінгенімен, оны Алматыда да ұйымдастыруға мүмкіндік бар екен. Оған осы қаладағы ипподромда тотализатор өткізуге рұқсат берілгені дәлел.
Айбар Олжай, Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Ипподром табысының бір бөлігі сол тотализатордан түседі деп көрсетілген. Оның барлығы заңдық актілерден, сараптамалардан өтті. Демек былай қарасақ Алматы ипподромында тотализатор ұйымдастыруға барлық мүмкіндік бар.
Жоспар бойынша, салынған қаржы алдағы 6 жыл ішінде қайтарылып алынбақ. Бірақ оған дейін атқарылуы тиіс жұмыстың көлемі де ауқымды.
Осылайша атқамінерлер миллиардтаған қаржы жұмсап, осы күнге дейін бір тиын да табыс әкелмеген ипподромы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек. Сату-сатып алу шартына қол қойылған сәттен бастап жабық тұрған қақпалар тек арнайы техникаға ғана ашылады. Болжам бойынша жоспарланған жұмыстар бір жыл ішінде аяқталуы тиіс. Ал ол уақытқа дейін атбегілер мен асыл тұқымды жылқыларға кең жарыс алаңдарында жаттығудың орнына тар қораларда күтуге тура келеді.