Татьяна Иванова өртенген үйінен қолға ұстайтын дүние іздеп жүр. Киім-кешек, дүние-мүлік бәрі күлге айналған. Үйдің құжаттары да жанып кетіпті. Тек төлқұжаты салынған әмиянын алып үлгерген. Енді азын -аулақ малын ауылдастарының қорасына жайғастырып жүр.
Татьяна Иванова, Ю.Ивановтың әйелі:
— Соңғы кездері күйгелектеніп жүрді. Бәріміз таңғы ас ішуге отарғанбыз. Күйеуім сап-сау еді. Бір кезде өзінен-өзі ашуланып, ұлым екеумізді сыртқа қуды. Көшеде тұрып тәртіп сақшыларына хабарластым. Сәлден кейін үйден от шықты.
Сөйтсе, отағасы газ баллонының резеңке құбырын кесіп, сіріңке тұтатып жіберген. Жарылыстан шыққан өрт бүкіл үйді жалмады. Юрий Ивановтың өзі дін аман. Ал далада қалған оның отбасын енді көршілері паналатып отыр.
Константин Иванов, Ю.Ивановтың ұлы:
—Менің осы маңда тұратын досым келіп тұрамын деді. Сабақты бірге оқитын болдық. Аз-маз кітап-дәптерімді алып шығып үлгерген едім. Сол жақсы болды.
Отағасы өткен аптада да өз-өзіне қол салмақ болған екен. Ол кезде қарнын пышақпен тіліп жіберген азаматты дәрігерлер ішін тігіп, үйіне қоя беріпті. Тіпті суицид жасауға тырысқан еріне психологиялық көмек сұраған әйелінінің арызына да ешкім құлақ аспаған. Юрий Ивановтың жүйке жүйесіне мамандар енді ғана назар аударды.
Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Бұл азамат Өскемен қаласындағы психоневрологиялық ауруханасына жеткізілді. Аурухана емшілері аталмыш азамат психикалық ауытқулар бар екенні анықтап отыр.
Отағасы ала жаздай 50 шақырым жердегі облыс орталығында автобус жүргізушісі болып жұмыс істепті. Қыста қатынау қиындағанда, бұл кәсібін тастаған. Ауылдан еш жұмыс таппаған ол суицидке шарасыздықтан бармақ болды дейді жақындары. Енді ұлы мен жарының отағасын ауруханадан шығарып әкелетін жері де жоқ.