Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы» бұйрық 2020 жылдың қараша айынан бастап қолданыста.
Қазір оған түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Негізгі өзгерістер туралы бізге Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Әсел Қыдырәлиева айтып берді.
Басқа емханаға қалай тіркелуге болады?
Бірінші жаңалық: Қазақстанда емханаларға еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан жойылады.
Ереже бойынша адам Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты бар бір емханаға — мемлекеттік немесе жекеменшік болсын — тіркелуге құқылы.
Бұған дейін пациент жылына бір рет жаңа клиника таңдай алатын. Алғашында тіркеу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтсе, 2025 жылы — 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өтті. Енді азамат басқа медициналық ұйымға нақты мерзімге байланбай және нақты себептерін көрсетпей-ақ, жыл ішінде бір рет кез келген уақытта ауыса алады. Емхана ұнамаса — басқасына ауысуға болады.
«Бұған дейін Медициналық сақтандыру қоры емханаларды қаржыландырудың шамаланған көлемін бір жыл бұрын қалыптастыратын — бұл, соның ішінде, тіркелген халық санына да байланысты. Сондықтан науқанды келесі жылы медициналық ұйым қанша адамға қызмет көрсететінін түсіну үшін күзде өткізетін», — деп түсіндіреді Қыдырәлиева.
Спикердің сөзінше, қазір қаржыландыру ай сайын жүргізіледі, сондықтан пациенттердің таңдау мүмкіндігі кеңейе түспек.
«Егер бұрын адам тіркеу науқаны кезінде жаңа емхана таңдаса, онда ол тек келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет ала алатын. Егер ережелер қабылданса, мұны қайта тіркелгеннен кейінгі келесі айдан бастап жасауға болады», — дейді спикер.
Бұдан бөлек, басқа қалаға немесе ауданға көшуге немесе медициналық ұйымның таратылуына байланысты жаңа емханаға тіркелу құқығы сақталады.
Басқа ауданнан емхана таңдауға бола ма? ДСМ түсіндірді
Екінші жаңалық: бұйрықта емханалардың аумақтық қызмет көрсету шекараларын бөлу ережелері нақтыланады.
Қыдырәлиева бұл норма бұйрыққа 2025 жылы-ақ енгізілгенін, енді ол егжей-тегжейлі көрсетілетінін түсіндіреді. Егер ауданда Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін жаңа емхана ашылса, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары осы учаскелерде жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдар үшін қызмет көрсету аумақтарын қайта қарауы тиіс. Бұл халықтың барынша пропорционалды бөлінуі үшін жасалады.
«Әр емхананың өзі қызмет көрсететін мекенжайлар тізімі болады. Ереже бойынша олар өз аумағында — жақын маңда (жаяу 20 минуттық жерде) тұратын азаматтарды тіркеуге міндетті», — деп түсіндіреді спикер.
Жоғарыда айтқанымыздай, егер ауданда жаңа клиника ашылса, басқармалар учаскелерді қайта бөліп, оның бір бөлігін жаңа клиникаға беруі тиіс. Бұрын мұндай міндет болмаған.
Адам өз учаскесіне жатпайтын емханаға тіркеле ала ма?
Бұл сауалға жауап берген Әсел Қыдырәлиева адам тіркеле алатынын, бірақ тек бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберінде ғана екенін айтты. Яғни, Алматының Алмалы ауданының тұрғыны өз ауданындағы емханалардың бірінде, ал Астананың Нұра ауданының тұрғыны өз ауданында қызмет алуы тиіс.
«Ерекшелік: жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балалар. Ереже бойынша олар тек нақты тұратын жері бойынша медициналық ұйымға тіркеле алады. Бұл кішкентай балалардың патронаждық бақылауда болуына байланысты жасалған, учаскелік дәрігер мен мейірбике нәрестелерді бір жасқа толғанша үйіне барып қарайды, ал кейін шақырту бойынша барады», — дейді сарапшы.
Бала есейген соң, әйел басқа емхананы таңдай алады, бұл жағдайда да тек өз ауданында ғана. Бірақ спикер жақын маңда орналасқан медициналық ұйымда қалуға кеңес береді.
«Тағы бір маңызды норма: 18 жасқа дейінгі бала нақты тұратын жері бойынша ата-анасының бірі (немесе заңды өкілдері) тіркелген емханаға тіркелуі тиіс. Олар әртүрлі медициналық ұйымдарда қызмет ала алмайды», — деп нақтылады Қыдырәлиева.
Егер қазіргі уақытта ата-анасы мен баласы әртүрлі жерге тіркелген болса, емхана басшылығы пациенттермен сөйлесіп, кәмелетке толмаған баланы ересек адам қызмет алатын ұйымға ауыстыру қажеттігін түсіндіруі тиіс.
Студенттер мен мерзімді қызметтегі сарбаздар қалай тіркеледі?
Үшінші жаңалық: студенттерді, курсанттарды, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді тіркеу ережелері өзгереді.
Жоғары оқу орындары мен медреселерде оқитын сырттан келген студенттер электрондық үкімет порталы арқылы немесе өтініш жазу арқылы жақын маңдағы емханаға тіркеле алады. 18 жасқа толмаған жастар үшін бұл процедураны ата-аналары немесе заңды өкілдері жүзеге асыра алады.
«Бұрын тәжірибеде студенттерді, әдетте, оқу орнының басшылығы келісімшарт жасасқан бір емханаға ғана тіркейтінін көретінбіз. Қазір ата-аналардың өздері баланы нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркей алады», — дейді сарапшы.
Әскери қызметшілер үшін қызмет өткеру кезеңіне, яғни бір жылға уақытша тіркелу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отырмыз. Олар мұны өз бетінше немесе бөлім командирлерінің көмегімен жасай алады.
Өзгерістер емханаларға тіркелу жүйесін ыңғайлы әрі ашық ету үшін қажет, деп атап өтті сарапшы.
Бұл өзгерістер бұйрық барлық мүдделі мемлекеттік органдарда келісілгеннен кейін бірнеше айдан соң күшіне енеді деп күтіледі.
Қазақстандықтар емханаларға қаншалықты жиі жүгінеді?
2025 жылдың 12 айында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына 16,4 миллионға жуық пациент медициналық көмек алуға жүгінген. 2025 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек шеңберінде пациенттердің жүгіну жиілігінің орташа арифметикалық мәні жылына тоғыз ретті құрады.
Кейбір азаматтар (Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың қатарынан 20 пайызы) бір жыл ішінде учаскелік дәрігерге бірде-бір рет бармаған, ал басқалары, керісінше, 10 реттен астам жүгінген.
79,8 миллион қызмет және триллион теңге: Қазақстан емханалары қалай жұмыс істейді?
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінде барлығы 79,8 миллион медициналық қызмет ақысы төленген. Бұл – учаскелік мамандардың қабылдауы, скринингтер, талдаулар, бейінді мамандардың кеңестері және тағы басқалары.
Оның ішінде:
- мемлекеттік емханаларда — 59,1 миллион қызмет;
- жекеменшік клиникаларда — 20,8 миллион қызмет.
Қордың хабарлауынша, 2025 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдар көмек үшін бір триллион теңгеден астам қаражат алған.