Киікті қырған кесел Атырау облысындағы түліктерге де жетті
Киікті қырған кесел Атырау облысындағы түліктерге де жетті. Батыс Қазақстандағы ауылдарда ірі қараның өлуіне пастереллез ауруы тікелей түрткі болған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өкілдері мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Алға елді мекенінде 11, Қайыршақтыда 17 түлік қырылған болатын. Кейін бұл жағдайға байланысты Ұлттық референттік орталық зерттеу жүргізіп, пастереллез деген диагноз қойды. Ауру ошағы анықталған ауылдарда мыңнан астам ірі қара пастереллезге қарсы егілді. Диагнозды дәлелдеу үшін мамандар өлген жануарлардан патологиялық сынамалар алып, оларды Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты мен Халықаралық эпизоотиялық бюроның референттік зертханасына жолдады. Бұл аймақтағы жағдай мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторлардың жіті бақылауында. Айта кетейік, дәл осындай жағдай Ақтөбеде де қайталанып отыр.