Талғар аудандық ауруханасында жатқан белгілі продюсер Баян Есентаеваны Алматыдағы өзге ауруханаларға ауыстыру туралы туыстарынан ешқандай ұсыныс келіп түспеген. Ал аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Сәрсенбаевтің айтуынша қазір ота жасалғаннан кейін есін жиған Б.Есентаеваның жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы Caravan.kz сайты жазады.
«Дегенмен ішкі ағзаларына да зақым келген. Әсіресе ішекке көп зақым келтірілген»,- деді Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері орынбасары Ербол Сәрсенбаев.
Әзірге науқастың жалпы палатаға қашан ауыстырылатыны да белгісіз.
Еске сала кетсек, өткен аптада танымал продюсер Баян Есентаева Құлжа тас жолы бойындағы Еңбекші ауылы маңында соққыға жығылып, бас ми, дене жарақатымен Талғар аудандық ауруханасына жеткізілген еді. Жанар жағар май бекеті маңында болған оқиғаны көрген куәлердің айтуынша оны өз күйеуі Бақтыбек Есентаев ұрып соғып, пышақпен жарақаттаған. Ауыр халде ауруханаға түскен Есентаеваға ота жасалды. Ал күдікті күйеуі соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды.