Белгілі заңгер Нұра Тынысқызы сенатор Серік Ақылбайдың өлім жазасына 13 жыл бұрын енгізілген мораторийді алып тастау ұсынысын толық қолдайды. Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
Еске салсақ, дүйім елді шулатқан Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардан соң ең ауыр жаза өлім жазасын қайта қалпына келтіру мәселесі қоғамда қайта көтерілді.
Нұра Тынысқызы заңгер ретінде өлім жазасына мораторий жариялауға қарсы. Қайта өлім жазасын қазір енгізсе, ол ауыр қылмыстардың көрсеткішін толық тоқтатпаса да, пайызын, яғни санын төмендетеді екен.
Нұра Тынысқызы: «Мен өлім жазасына қарсы емеспін. Біз елімізді, Конституциямызды, жалпы әлемге зайырлы ел ретінде таныттық. Түрлі халықаралық ұйымдарға кіргеннен кейін түрлі халықаралық декларацияларға, конвенцияларға қол қойдық. Бірақ елде, ішкі саясатымызда соңғы кездері түрлі өзгерістер болып жатқаннан кейін, түрлі қылмыстар орын алып жатқан соң, қайтадан өлім жазасын енгізу керек».
Заңгердің пайымдауынша өлім жазасын қайта енгізу халықаралық тәжірибеде көрсетілген. Сондықтан халықаралық ережеде болғандықтан оны өз заңымызға енгізек жақсы нәтиже беруі тиіс көрінеді.
Өлім жазасын енгізу тақырыбын қайта қозғауға сеп болған Ақтөбе оқиғасында 7 адамды жер жастандырған лаңкестердің денесі туыстарына берілген жоқ және олардың қайда жерленетіні де құпия сақталатын болды. Белгілі заңгер қолданылған бұл шаралардың заң шеңберінде жасалғанын айтады.
«ҚР-ның «терроризмге қарсы іс қимылдар» деген 1999 жылы қабылданған 21.1 бабына сәйкес үкіметтің арнайы қаулысы бар. Қаулыға сай біз арнайы нормаларды енгізгенбіз. Яғни сол заңнамаға сәйкес барлығы да заңды»,- деді Н.Тынысқызы.
«Дегенмен адами тұрғыда айту әрине өте қиын. Біз мұсылман болғаннан кейін жерлеу туралы өзімізге тиісті салт ғұрыптарымыз бен ережелеріміз бар. Ал террорист, ол қылмыскер болып тұр ғой. Қылмыскерге басқа жаза қолданылатындықтан қарапайым азаматтармен тең болмайды, өкінішке орай»,- деді заңгер.
Айта кетсек әлемде 130 елде өлім жазасы алынып тасталса, 70 ке жуық мемлекетте өлім жазасы әлі сақталып отыр. Оның ішінде Қытай, Иран,Пәкістан, Сауд Арабиясы сияқты шығыс елдері де бар.