Аса қауіпті індетті жұқтырған 7 адам қазір ауруханада. Оның біреуі бүгін түскен. Тағы екі тұрғын кеше көз жұмған болатын, деп хабарлайды КТК.
Барлығының күйдіргі дертін жұқтырғанын сараптама растады. Ал кесел малдан тарапты. Сойылған ауру сиырдың еті тіпті көрші-қолаңға таратылып кеткен екен. Содан дәм татқан 62 тұрғын қазір ерекше бақылауда. Еркіндіктен ет, сүт өнімдері мен тұрғындарындың шығуына да қатаң тыйым салынды.
Шағын ғана Еркіндік ауылындағы 478 тұрғынды қазір 15 дәрігер қарап жатыр. Ал 2 мыңға тарта ірі қараны 17 ветеринар тексеріп шыққан. Бірақ малдың бірінде де ауру белгілері байқалмапты. Ал арасында 21 бала бар 62 ауыл тұрғыны амбулаторлық бақылауға алынды. Қазір елді-мекенге кірер үш жолда мынадай бекеттер орнатылып, 15 күн карантин бітпей ауылдан адам баласы аттап шықпайды.
Дәрігерлердің айтуынша, қайтыс болғандар сол малдың етін жалаң қолмен ұстағанын ескертпеген. Сондықтан қауіпті дертті бірден анықтау қиын болыпты. 33 жастағы марқұм Айгүл Ахметова тіпті тартылған шикі еттің дәмін татып көрген. Онысын кеш айтқан әйелді құтқарып қалу мүмкін болмады. Ал осы індеттен өлген 50 жастағы екінші тұрғын мал иесінің туған бауыры екен.
Марқұмдардың денесі мырыштан жасалған арнайы қабірмен жерленеді. Мамандар денедегі кесел топыраққа тараса, бактериялар 100 жылға дейін өмір сүреді дейді. Өйткені 20-шы ғасырдың басынан бері Шет ауданында осы кесел 16 жерден бой көрсетіпті. Ал дәл сол Еркіндік ауылында күйдіргі дерті осыдан 50 жыл бұрын тіркелген екен.