Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Gyungin телекомпаниясының ұйымдастыруымен қыркүйектің 1-2 күндері жас журналистердің 1-ші халықаралық медиа-конференциясы өтті. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.
Басқосу «Армандай біліңіз» деген тақырыппен өтті. Өйткені, Инчхон «арман қала» деп аталады. Жиынға Қазақстан, Ресей, Вьетнам, Лаос, Камбоджа, Жапония тағы басқа елдерден 200-дей тілші қатысты. Ресми шараның алдында шетелдік қонақтарды корей өнерпаздары ұлттық мәдени мұрамен таныстырды.
Отырыстың ресми бөлігін ашқан Инчхон ұлттық университетінің президенті Чо Дон Сун жас журналистерге адам қалай армандау керектігі жөнінде қызықты дәріс оқыды. Профессор Пак Ён Су Инчхон қаласының жаңадан бой көтерген Сонгдо шағын ықшамауданы және арал үстіне салынған Инчхон халықаралық әуежай құрылысы туралы қызықты мәліметтерді алға тартты. Корей полярлық зерттеу институтының президенті Хо Иль Юн ғалымдар жүргізген зерттеулердің қортындысымен таныстырып, Арктикадағы күрделі ахуалға, онда мұздақтардың жылдан жылға еріп, азайып бара жақаны бүкіл адамзатқа зардабын тигізетінін, сондықтан табиғи апаттың алдын алу керекігін айтты.
Медиа-конференция соңында қатысушылар қоршаған ортаға зияны жоқ жаңа технологиялар шығарып,әлемді сақтап қалу жөнінде декларация қабылдады.
Айта кетсек, Инчхон тұрғындар саны жағынан Оңтүстік Кореяның Сеул мен Пусаннан кейінгі үшінші қаласы. Қаланың негізі 19-шы ғасырда қаланған, ол кезде небәрі 4700 адам болған. Ал қазір тұрғындар саны 3 млн-нан асады.
