Елімізде банкке берешекті толық төлемеуге рұқсат етілуі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде банкке берешекті толық төлемеуге рұқсат етілуі мүмкін

Елімізде банкке берешекті толық төлемеуге рұқсат етілуі мүмкін

Елімізде кейбір азаматтардың банк алдындағы берешегін толық төлемеуіне рұқсат етілуі мүмкін. «Коллекторлық қызмет туралы» заңды қарап жатқан мәжілісмендер мүгедек, зейнеткер, соғыс ардагерлері, қатерлі ауруға шалдыққандар мен сотталғандардың несиесін кешіру туралы өзгеріс енгізбек.

  • 21 Қыркүйек 2016
  • 1192
Фото - Caravan.kz

Егер құжат қабылданса, жоқ-жітік шаңырақтарды коллекторлар үйін аңдып, күш көрсетіп мүлдем мазалай алмайды. Ұсынысты Ұлттық банк  те қолдап отыр. Алайда, одан оңбай ұтыламыз деген қаржы ұйымдары бұл санаттағы адамдарға несие беруді тоқтатпақ ойда – деп хабарлайды КТК арнасы.

Атышулы “Коллекторлық қызмет туралы” заң жобасын бес ай бұрын  қарауға алған депутаттардың арыны қатты. Ұзақ толғанған төменгі палата даулы құжатқа мынадай өзгеріс енгізіпті: соғыс ардагері, мүгедек тер, зейнеткерлер мен төсек тартып ауырып жатқан науқас немесе сотталғандар алған несиесін төлей алмай жатса, банк бұл топтағы азаматтардың берешегін кешіруі тиіс. Яғни, коллекторлар оларға күні-түні қоңырау шалып, қорқытып, үйін торуылдап мазалай алмайды.

“Біз заң жобасына енгізген ұсынысты қолдаймыз. Шынында да банк несие берер кезде түрлі өмірлік жағдайларды ескермейді. Сондықтан мүгедек, науқас, зейнеткер сынды азаматтардың қарызын кешірген дұрыс. Бәрібір олардан ақшаны қайтаруға мүмкіндік аз”, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Сондай-ақ, қызметте жүріп оққа ұшқан әскерилердің, полицейлер мен табиғи апаттан қаза тапқан азаматтардың да берешегі жойылады. Қоғамдық ұйым өкілдері бұл тізімге көпбалалы аналарды қосу керек дейді. Бірақ егер мұндай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қарызды қайтармауына заңмен рұқсат етілсе, банктер оларға несие беруді тоқтатуы да ықтимал. Сондықтан пысықайлар жеңілдігі бар адамдардың атынан жаппай несие алуға көшуі мүмкін.


“Банктер әке-шешесіне, ата-анасына несие берсе, бар шараларды қолдансын, бірақ коллекторлық ұйымға бермеу керек. Сотқа берсе, сотқа берсін. Басқаша жолмен шешсін. Бірақ үйге келіп, телефон соғып, зіркілдеп, дүркілдеп баланың мазасын алуға жол беруге болмайды. Осындай ұсыныс айттым”, – дейді Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева.

Балиева балаларға коллекторлардың қоқан-лоқысын көрсетпеу үшін  соңына дейін күреспек. Қазір елімізде миллионнан астам адам несиесін төлей алмай жүр екен. Көбі той жасауға, көлік, үй сатып алу үшін қарыз алған. Ал олармен 200-ден астам коллекторлық компания жұмыс істеп жатыр.

Бірақ депуттаттар коллекторлық қызмет туралы заңды қабылдамай, агенттіктердің жұмысын тоқтатуы да мүмкін. Өйткені Ұлттық банк әзірлеген құжатқа сай, коллектор қарызды толық қайтарса, банк ақшаның тең жартысын соларға береді. Мәжілісмендер сол соманы коллекторға төлемей, несие алғандарға 50 пайыз жеңілдік жасауды ұсынбақ. Алайда, бұған қарсылық танытқан банктер ендігі жерде несиені мұндай жеңілдігі бар азаматтарға мүлдем ұстатпауы да ғажап емес.