Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
"Ұлаш! (Ұлықбек Есдәулетті айтып отыр — ред) Амансыз ба? Өскеменде, облыстық драма театрында болдым. Рүстемнің мүсінін көрейін, суретке түсіріп алайын дегенмін. Іздеп едім, көзіме түспеді. Театр қызметкерлерінен өтіндім. Бір адам ертіп апарып, бір бөлмеге кіргізді. Сол бөлменің бұрышында тұр екен Рүстемнің мүсіні. Өзіңе осыны ескертейін деп жазып отырмын" дейді Шағангүл Жанаева әлеуметтік желіде.
Рүстем Есдәулет — режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург. 1978 жылы туған. Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.
Қазақ көрермені үшін Рүстем актер ретінде де танымал. Белгілі «Лаве» фильміне түскен. «Бөрінама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды.
Р.Есдәулет негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін.
Рүстем Есдәулет қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым жасап үлгерген. 2009 жылы труппа Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді. Бірақ, өкінішке қарай, қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды.
Caravan.kz оның ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетпен інісі туралы "Рүстемнің соңғы спектаклі қойылмай қалды" деген тақырыппен сұхбат жариялаған болатын.