Ол жылжымайтын мүлікті су басу мен өрттен сақтандырмақ. Алайда тұрғындар онсыз да қымбат пәтерақы құнына қосымша қызмет ақылар неге қосыла береді деп наразы. Мәселенің анық-қанығын Жанар Жолтаева анықтап көрді.
Алматы қаласының тұрғыны Серік Ерназаров коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге арналған түбіртектен өзгеріс байқаған. Жарық, жылу, сумен бірге оған “Мүлікті сақтандыру” қызметі үшін ақы төлеу ұсынылыпты. Түбіртектің артында анықтамасы бар. Ай сайын 95 теңге төленсе, сақтандыру сомасы 50 мың теңге, ал 295 теңге төленсе, сақтандыру сомасы 150 мың теңге болады деп жазылған.
“Бізге ешкім хабарландыру берген жоқ. Қоңырау шалған жоқ, үйге ешкім келген жоқ, ешқандай договор составлять етпеді біздің арамызда. Мына ақшаны біз қалай төлейміз? Ертең кімнен жауап аламыз?” – дейді тұрғын Серік Ерназаров.
Ал сақтандыру компаниясы үйді су басып, өрт шарпыған жағдайда тұтынушыға сақтандыру сомасын беру үшін төленген түбіртек кепіл бола алады -деп отыр. Ол үшін арнайы келісім шарт қажет емес көрінеді. Сондай-ақ төтенше жағдай орын алса, залал көлемі өлшеніп барып, төленетін ақшаның мөлшері анықталады екен. Яғни түбіртекте көрсетілген 50 мен 150 мың максималды төлем сомалары ғана.
“Сақтандыруға өрт пен су басу ғана кіреді. Ол кәзір жүйесі мен жылыту құбырларына байланысты болсын немесе көршілерден келген кесапат болсын барлығы кіреді. Тұрғындардың міндеті бізді 3 күннің ішінде сақтандыру жағдайы болғаны туралы жазбаша хабарландыру. Бізге пәтер иелері кооперативінен АКТ қажет немесе оны біздің шақыртылған төтенше жағдай комиссары жасай алады, ал өрт болған жағдайда өрт сөндіру қызметінің АКТ-ы керек. Тек тиісті құжаттар жиналғаннан кейін 10 күннің ішінде жылжымайтын мүлік иесіне сақтандыру төлемі жүргізіледі”, – дейді Сақтандыру компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Ирина Роздина.
Алматы қаласы мен облысы бойынша 230 мың үй-жайға түбіртек таратып отырған ақпараттық-есептеу орталығының мамандары сақтандыру компаниясын біз таңдаған жоқпыз, өздері ұсыныс жасап келді -деп отыр. Десе де олар бұл қызметтің өздеріне коммерциялық пайда әкелетінін де жасырмады. Тек өткен жылы ғана түрлі жарнама берушілер аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 4-5 миллион теңге ақша аударған.
“Әрине, біз одан қандай да бір табыс түсіреміз. Басып шығарғанымыз үшін емес, сақтандыруға төленген сомадан компания бізге табыс беріп отырмақ. Келісім бойынша, біз аталмыш қызмет түрін тек басып шығарамыз. Ал қалған жауапкершіліктің барлығы сақтандыру компаясының мойнында”, – дейді “ИВЦ” ЖШС директоры Валентина Резникова.
Жалпы коммуналды төлем түбіртегінде телефон анықтамалық қызметі, бос жұмыс орындар анықтамасы және заңгерлік қызмет көрсету сияқты ерікті, ақылы төлем түрлері бар. Аталмыш сақтандыру түрінің төлемі де тұрғындардың қалауына берілген екен. Сондықтан бұл қызметті қолдану не қолданбау әркімнің өз жұмысы.