Желіде арбаға таңылған мүгедек әкесін емхананың жоғарғы қабатына қалай шығарғаны жайлы видео тарады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Оны Ксения Гордиенко есімді азаматша жүктеген. Оның жазбасына қарағанда оқиға Алматы қаласындағы №11 емханада орын алыпты. Сал ауруына шалдыққан I-топтағы мүгедек әкесіне 4-ші қалалық ауруханада ота жасату үшін алдымен рентгенге түсіру қажет болған. Ол екінші қабатта орналасқандықтан жоғарыға шығуға мәжбүр болады. Автор "қысқаша айтқанда осы жолдың өзін тозақтан өткендей болдық",- дейді.
Видеода мүгедек жандардың шығып-түсуі үшін ешқандай жағдай жасалмағаны анық көрінеді.
«Емханада тек әйелдер жұмыс істейтіндіктен өз күшімізбен әкемізді арбамен көтеріп-түсіруге тура келді. Құлап қалмас үшін аяғын арбаға байлап қойдық. Билік өкілдерінің шарасыздығына назар аударуды сұраймын. Ауруларға жағдай жасалса екен»,- депті Гордиенко.