Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалған 5 адамның үшеуі ауруханадан шығарылды. Қазір екі Өзбекстан азаматы ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалған 5 адам бір апта бойы облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдады. Аурухананың бас дәрігері Рақымжан Арыстанның хабарлауынша, прокуратура үш Қазақстан азаматын алып кетті. Олардың бәрі өртеніп кеткен автобустың жүргізушілері.
«Прокуратура үш адамды шығарып алды. Олардың бәрі Қазақстан азаматы. Ал екі Өзбекстан азаматы әлі ауруханада жатыр. Олардың қашан шығатындығын құқық қорғау органдары шешеді», — деді бас дәрігер Рақымжан Арыстан.
Айта кетейік, облыстық жедел жәрдем ауруханасына науқастар санавиациямен жеткізілді. Олардың қолын күйік шалған, газға қатты уланған. Қазір науқастардың денсаулығы жақсы, жағдайлары қанағаттанарлық. Жергілікті дәрігерлер қажетті емнің бәрін жасап, оларды ауруханадан шығаруға дайын отыр.