Лондонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Лондонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті

Лондонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті

Лондон қаласында, «Азия үйі» штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті Қоры және Қазақстан Республикасының Ұлыбритания Біріккен Корольдігіндегі және Солтүстік Ирландиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

  • 23 Қазан 2018
  • 29
Фото - Caravan.kz

Мемлекет Басшысы кітабының тұсаукесері үстіміздегі жылғы көктемде Қордың бастамасымен Ресей Федерациясында — Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтті.

Тарихи кітаптың тұсаукесер рәсімін Лондонда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов өткізді. Іс-шараға «Парламентарии за нераспространение и ядерное разоружение»(Парламентарилердің қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау қозғалысының)тең төрағасы, баронесса Сьюзан Миллер, Қазақстан-Британ Қоғамының төрағасы Руперт Гудман, Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, дипломатиялық корпустың өкілдері және басқалары қатысты.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабы туралы айта келе, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов былай деді: «Қазақстан Президентінің осы шығармашылық еңбегі әрбір қазақстандық үшін өте жақын, өйткені еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы жылдарын көрсетеді. Кітапта елімізде болған күрделі үрдіске, бетбұрысты сәттерге терең талдау жасалған. Сонымен қатар, онда Республиканың алдында тұрған жаңа міндеттер бейнеленген. Осының барлығы кітапты нағыз тарихи құжат ретінде көрсетеді. Оның құндылығы осында».

Оның айтуынша «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы жастар үшін ерекше пайдалы. «Егемендік жылдары қазақстандықтардың еркін, белсенді, ашық жаңа буыны келді. Болашақтың іргетасын қалау үшін оның қайнар көзін, өзінің тарихын білу керек. Елдің биіктікке қалай қол жеткізгенін, қандай сын-тегеуріндерді еңсергенін түсінуі өте маңызды болып табылады».

Қор Мемлекет Басшысы кітабының тұсаукесерін шетелде ұйымдастыруды жалғастырады, кездесулер Берлинде, Парижде, сондай-ақ Бразилиада өтеді.

Баронесса
Сьюзен Миллер
Қазақстанның ядролық қарусыз әлем қалыптастырудағы нақты қадамдарын атап өтті: «Тәуелсіздіктің қысқа мерзімінде Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік жарияланғанға дейін де 1989 жылы Қазақстан әлемде тұңғыш болып сынақ полигонын жабу үшін ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалысқа жол ашты.

Кездесу барысында танымал британдық режиссер Андре Сингердің Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдары және ядролық қарусыз әлем қозғалысы туралы«Жел тұрғанда» атты деректі фильмі көрсетілді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының халықаралық қызметі туралы

ҚР Тұңғыш Президенті Қорының халықаралық қызметі аясында Гейдар Алиев (Азербайжан) қорымен, Азия Үйімен (Испания), БҰҰ Балалар Қорымен (БҰҰБҚ) және Korea Foundation (Оңтүстік Корея) қорларымен талантты жастарға қолдау көрсетуге, білім саласындағы креативті идеяларды, әлеуметтік саясатты және жаңа технологияларды жүзеге асыруға бағытталған келісімдерге қол қойылды. Гои бейбітшілік қорымен (Жапония) жасалған меморандум ядролық қаруға қарсы бастамаларды іске асыруға ықпал ететін, жаһандық бейбітшілікті нығайтатын іс-шараларды бірлесіп өткізуді көздейді.

ҚР Тұңғыш Президенті Қоры БҰҰ, ЕҚЫҰ, халықаралық сарапшылардың қатысуымен тұрақты түрде конференциялар ұйымдастырады. Іс-шаралардың басты міндеттері — әлемде қауіпсіздікті сақтау, білім саласын дамыту, жастарға қолдау көрсету жөніндегі өзекті мәселелерді талқылау.

Жыл сайын Қор ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылатын «Астана Клубын» ұйымдастырады. Бұл жерде ғаламдық сараптау қауымдастығы мен әлемдік саяси элита бір үстелдің басында кездеседі. Заманауи әлемнің даму тұрғысында қаралатын маңызды халықаралық мәселелер пікірталастың негізгі тақырыбына айналады.