Газ тартып берем деген алаяқтар Талдықорғанның 100-ге жуық тұрғынынан қомақты қаржыны жинап, тайып тұрған - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Газ тартып берем деген алаяқтар Талдықорғанның 100-ге жуық тұрғынынан қомақты қаржыны жинап, тайып тұрған

Газ тартып берем деген алаяқтар Талдықорғанның 100-ге жуық тұрғынынан қомақты қаржыны жинап, тайып тұрған

Талдықорғанның 100-ге жуық тұрғынын көгілдір отынға қарық қыламыз деген алаяқтардың арбауына түсіп қалды.

  • 2 Қараша 2018
  • 48
Фото - Caravan.kz

Қызылорда қаласының мөрі басылған мердігер мекеме өкілдері "ҚазТрансГазАймақтың" серіктесіміз деп, жұрттың сеніміне кірген. Сөйтіп қомақты ақшаны қалталарына басып, ізім-ғайым жоқ болған. Жұрт күдіктілердің бірін ұстап, полицияға тапсырғанымен, тәртіп сақшылары оны босатып жіберіпті. Көмір тасып, пеш жағудың машақатынан құтылуды көздегендердің қалтасына түскен кімдер? Лицензиясы жоқ компанияның мұндай бассыздығын жауаптылар қалайша білмей келген? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Қайдан білеміз, енді? Әйбәт бала, сұп-сұлу жігіт, биязы жігіт, кісі сенбейді дейтін емес. Қазір адамның аласы ішінде екенін білмейміз ғой. Біз бәрін қатырамыз деді. Содан кейін бердік қой, енді" – дейді қала тұрғыны Әділ Кәкилат.

Қыс түссе болды пеш жағудың машақатынан құтылам деген бұл зейнеткердің арманы биыл орындалмайтын сияқты. Себебі, үйіне табиғи газ тартамын деп жиған аз-кем 100 мың теңгесін әлдебір мердігер компания өкіліне сеніп тапсырған екен. Алайда, олардың жалған құжатпен жүрген алаяқтар екенін қария кеш аңғардым, дейді.

"Енді, әбден болды-ау деп, мына қыс түсейін дегенде Дәуренді іздеп телефон шалсақ алмайды. Іздеп бардым, барып сол маңайдан сұрастырсам, жаңағы, алданып қалғандар бәрі сол жерде. Ой, апа, Дәурен деген ол алдамшы екен, бәрімізді алдап кетті дейді" – дейді қала тұрғыны Әділ Кәкилат.

"Мені ғана емес, 90 адамды алдап кетіп отыр. Менің 450 мың теңгем жоқ. Алып кетті, жоқ. Ешқандай жұмыс істеген жоқ.".

Өздерін "ҚазТрансГазАймақтың" серіктесіміз деп таныстырған жалған компания 100-ге жуық қала тұрғынын тақырға отырғызған. Алданғандардың көбі зейнет жасындағылар мен Қытайдан келген қандастарымыз. Олардың алды алаяқтарға 60 мың теңге ұстатса, соңы 600 мыңға дейін санап бергендерін айтады.

«Бәрі кетіп қалды. Ей, айналайын, көмір де түсіргеміз жоқ әлі. Сол газға сеніп жүргеміз. Ой, аға, қатырамыз. Күн суығанша, отопление бергенше біз де сендерді қосамыз деген. Документтің бәрін қолдарыңызға өткізіп береміз деген. Енді, білмеймін не істерімізді?» — дейді қала тұрғыны Болат Байдәулет.

Екі жақ қол қойған құжатта Қызылорда қаласы көрсетілген мөр басылған. Алайда, оларға газ құбырларын тартып, құрылыс жұмысын жүргізуге рұқсатты кім бергені белгісіз. Аймақтағы газ таратуға жауапты үлкен компания да заңды өрескел бұзып, тұрғындардың қалтасын қағып келгендерге лицензия берген жоқпыз деп отыр.


"Алданғандарын айтып, бізге шағым түсіргендер көп. Бірақ аталған компания туралы ештеңе айта алмаймын, атын да білмеймін. Бізде ондай мердігер тіркелген емес" – дейді «Қазтрансгазаймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының сервистік жобалар бойынша бас маманы Дәулет Өсербаев.

Жалған уәдеге қарық боп, қалтасы қағылғандар алғашында алаяқтарды жалға алған кеңсесінде тәулік бойы торуылдағандарын айтады. Тіпті, олардың бірін өз қолдарымен ұстап, апта бұрын полицияға тапсырған екен. Алайда, тәртіп сақшылары күдіктіден кепілхат алып, бостандыққа жіберген көрінеді.

"Соңғы екі ай ішінде қала тұрғындарынан 3 арыз келіп түсті осы алаяқтық істерге қатысты. Күдікті анықталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-тармақшасына сәйкес жүргізілуде" – дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Әйгерім Көпбаева.

Қазір құзырлы орган өкілдері алаяқтарға алданғандардың шығынын есептеп жатыр. Ал, жалған мердігер жүргізген құбырлардың көбі талапқа сай емес. Сондықтан, газға қосылуға рұқсат берілмей тұр. Яғни, ауаға ақша шашқан тұрғындарға газдың қызығын көру үшін енді тағы да шығындануларына тура келеді.