«Жүрекке қаяу түсіретін пікірлер болып жатады» – Иманғали Тасмағамбетовтың қызы - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жүрекке қаяу түсіретін пікірлер болып жатады» – Иманғали Тасмағамбетовтың қызы

«Жүрекке қаяу түсіретін пікірлер болып жатады» – Иманғали Тасмағамбетовтың қызы

Софья Тасмағамбетова қазіргі таңда Қазақстандағы ең үздік суретшілердің қатарына енді. Сол күннен бастап әйгілі Тасмағамбетова қазір елдің аузында.

  • 29 Қараша 2018
  • 201
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталы Софья Тасмағамбетовадан эксклюзивті сұхбат алды.

— Софья есімі қазақтарда көп бола бермейді. Бұл есімді сізге кім қойды?

— Есімімді әкем қойды. Софья — біздің отбасымыздың досы екен, сол кісіге деген құрмет ретінде қойылған есім.

— Суретке деген махаббатыңызды кім ашты?

— Суретке деген махаббатымды біреу ашты деп айта алмаймын. Кішкентай кезімнен суретке жақын болып, сурет сала бастадым. Содан ата-анам мені сурет мектебіне берді. Кішкентай кезімде музыкаға да жақын болып өстім, бірақ әке-шешем маған музыкалық аспап сатып алып бере алмады. Өйткені ол кезде музыкалық аспап өте қымбат әрі оны алу қиын еді. Сол себепті музыкалық мектепке кеш бардым, оған қарамастан фортепиано сыныбын аяқтаған едім.

— Суретші сәндеуші мамандығына арнайы оқып, диплом алдыңыз ба?

— Жоқ, мен ешқашан бұл мамандықта оқыған емеспін. Ең алғаш мен Лондондағы «Челси» атты "өнер және дизайн" колледжін аяқтаған болатынмын. Кейін Мидлеск университетінде "Өнер және дизайн" мамандығына оқып, одан кейін Алматыдағы Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын оқып, бітірген едім.

— Сіз Павел Драгунның шәкіртісіз. Университетті аяқтағаннан кейін де ол кісінің дәрістеріне барып жүрдіңіз бе?

— Жоқ, оқумен бірге қатар алып жүрдім. Мен Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына бірден 3 курсқа бардым. Сол кезде Павел осы академияда болып, әрі қарай алып кетуіме үлкен үлесін қосқан адам. Павел екеуміздің шығармашылыққа деген көзқарасымыз бірдей деуге болады, екеуміздің шығармашылық тандеміміз жақсы болған секілді.

— Үздік 50 суретшінің қатарына кіргенде қандай сезімде болдыңыз?

— Қалыпты жағдай ретінде қарадым.

— Сіз неге Балет және опера театрын таңдадыңыз?

— Өйткені маған музыкалық театрдың жақын болғанынан шығар. Мен классикалық музыканы, мюзиклдерді жанымдай жақсы көремін. Дегенмен әрине драмалық театрларға ешқандай қарсылығым жоқ. Өзімді драмалық тетрда да бағымды сынап көргім келеді, дегенмен ол уақыт еншісінде.

— Демалыс күндері театрға отбасыңызбен бірге барасыз ба?

— Иә, уақыт болғанда міндетті түрде. Ал театрда тұсаукесер болған кезде, одан қалып қоймауға тырысамыз.

— Сіздің таңдаған мамандығыңызға әкеңіз қалай қарайды?

— Әрбір ата-ана өз баласын қолдайды ғой, сол сияқты менің де әкем таңдаған мамандығымды қолдайды.


— Демалыс күндері ата-анаңыз, туғандарыңызбен жиі бас қосып тұрасыздар ма?

— Уақыт болғанда міндетті түрде бас қосамыз, дегенмен ондай сәттер жиі бола бермейді. Жиналған кезде міндетті түрде фортепианода ойнаймын.

— Әлеуметтік желілерде белсендісіз бе?

— Жоқ, соңғы уақытта әлеуметтік желілерге қолым мүлдем босамай жүр.

— Сізге айтылатын сын-пікірге қалай қарайсыз? Әлеуметтік желілерде әкеңіздің арқасында мансапқа жеттіңіз деген пікірлер бола ма?

— Ондай пікірлер болып жатады. Әрине, ондай пікірлерге ренжіп кейде тіпті ашуланып жатамын. Дегенмен біздің елде сондай стереотип қалыптасқан ғой. Кейде жүрекке тиетін де пікірлер болып жатады, оларға мән бермеуге тырысамын.

— Театрда қандай жұмыс жасайсыз? Сол туралы айтып берсеңіз.

— Павел екеуміз бірге жұмыс жасаймыз. Екеуміз қойылымның толық сценографиясын жасаймыз, декорациядан бастап костюмдерге дейін. Павел ерлер костюмын жасайды, ал мен әйелдердің костюмын жасаймын. Біз шығармамен танысқаннан кейін, біз сценографтар эскиз, декорация, реквизит, костюмдарды дайындап одан кейін театрдың көркемдік кеңесінің келісімін күтеміз. 

— Театрға жұмысқа қалай келдіңіз?

— Әпкем теарда жұмыс жасауға ұсыныс тастаған болатын. Содан кейін 7-8 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын.

— Қазақстаннан бөлек басқа қай елдерде жұмыс жасадыңыз?

Новосибирск мемлекеттік опера және балет театрында Павел Драгунов екеуміз "Турандот" қойылымын қойған едік.

Ал Қазан қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында "Летучая мышь" қойылымын қойған болатынбыз.

— Жаңа жылда баршамыз ғажайыпқа сеніп жатамыз ғой. Жаңа жылда аяз атадан қандай тілек сұрар едіңіз?

— Өзім әлі жұмыс жасап көрмеген жаңа театрда жаңа қойылым сұрар едім. Әрине басты тілегім отбасымның аман болғанын қалаймын.

Естеріңізге сала кетейік, Софья Тасмағамбетова — ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың қызы.