Нөмері 180-ші жалпы білім беретін мектептегі педагогтардың айтуынша, жаңа басшы Ләззат Дәулетбек небәрі 4 айдың ішінде ұжымның берекесін қашырған көрінеді. Ата-ана мен оқушылардың көзінше ар-намысымызға тиетін сөздер айтады, қадіріміз қалмады деп қапалы. Оқу жылы аяқталар тұста ұстаздар басшының жұмыстан кетуін талап етіп отыр, деп жазды KTK.
Бүгін №180 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары сабақ беруді уақытша тоқтатып, шу шығарды. 3 мың баланы оқытатын мұғалімдердің шыдамы шегіне жеткен. Олардың сөзінше, мектеп директоры Ләззат Дәулетбек үлкен-кіші демей ауыр сөз айтып, ар-намыстарына тиеді екен. Еңбек өтілі 30-35 жылдан асқан ұстаздар мұндай сұмдықты көрмедік деп шошып отыр.
Бақыт Самылтырова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері:
— Біздің мектепте мұғалім мәртебесі көтерілмейді. Жаңа директор келгеннен бері біздің адамгершілік құқығымызға зиян келіп жатыр.
Университет бітіріп келген жас мамандарға тіптен қиын. Сын садағына жиі ілігетін де солар. Ауруы жанына батса да, жиналысқа қатысуға мәжбүрлейді екен.
Жұлдыз Жаппарханова, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі:
— Менің басымды кене шағып алды. Басым ісіп, бастығымыздың алдына барған кезде «басымды қатырмашы» деді. Сосын мен ауруханаға кешігіп бардым. Үлгере алмай қалдым.
Қарсы келгендердің ізіне түсіп, қуалайды. Кейбірінің сағатын тартып алғандықтан ұстаздар бір-бірімен араз. Ал, еден жууушыларға тіптен күн жоқ. Мардымсыз айлық алатындар күніне 12 сағат жұмыс істеп, қақаған суықта сенбілікке де шығады.
Әлия Смағұлова, еден жуушы:
— 40 градуста даланы жуғызды. Ауырып қалдық. «Апай болмайды ғой десек» ауыздарыңды жап деді. Екі ай мен 73 мың алып отырмын. «Неге мен 63 мың алуым керекпін?»десем «Заң бойынша солай. Істесең істе, істемесең кет». Мен қыстың күні қайда барам?
Бір ғимаратта отыратын Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы директордың дөрекі әрекетінен бейхабар. Ұстаздарға дауыс көтергенін мүлдем көрмедім деп шаң жуытар емес.
Айгүл Қасымбекова, Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы:
— Түсіру тобынан тығылып қалған мектеп директоры Ләззат Дәулетбек райынан қайтып, сұхбат берді. Білім ордасының басшысы өзіне тағылған айыпты мойындамады.
5 жыл бұрын ашылған мектепте 180 ұстаз еңбек етеді. Ал, директордың алдағы тағдыры беймәлім.
Ұстаздардың арызынан кейін бұл іске қазір қалалық және аудандық білім басқармасының өкілдері араласты. Алдағы 2 аптаның ішінде мұғалімдердің шағымы жеке-жеке қаралатын болады. Осыдан кейін комиссия мектеп директоры Ләззат Дәулетбекке қатысты нақты шешім шығарады.