Осы жылғы салық рақымшылығының арқасында жеке тұлғалардың көлік құралдарына төлеген салық түсімдерінің көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтады. Иелері салық төлемегені үшін үш автокөлік айып тұрағына қойылды.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті соңғы үш жыл ішінде көлік салығын төлемеушілер саны айтарлықтай азайғанын атап өтті. Бұл, ең алдымен, өсімпұл мен айыппұлды жоюға рұқсат беретін салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты болып отыр. Павлодар облысында 11 мыңнан астам салық төлеуші амнистияны пайдаланды.
«Қазіргі кезде он тоғыз мың салық төлеуші өз көлігі үшін мемлекетке 589 миллион теңге қарыз, — деді мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Индира Әбілева. – Өткен жылы бір АЕК-тен астам қарызы бар салық төлеушілерге 170 мың ескерту жіберілді. Сол кезеңдегі қарыздың сомасы 1 миллионға жуық еді. Жиырма алты мың адам қарызын өз еркімен жапты».
Мемлекеттік кірістер департаменті төленбеген салықты өндіру мақсатында жалпы сомасы 527 миллион теңгені құрайтын 130 мың салық бұйрығын шығарды. Құжаттарды жеке сот орындаушыларына бермей тұрып, төрт мың салық төлеуші қарызын жауып үлгерді. Сот орындаушыларына берілген тоғыз мың бұйрық бойынша 85,6 миллион теңге ғана өндірілді.
Индира Әбілева 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында қарызын төлеуден қашып жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында арнайы рейд жүргізді. Оның қорытындысы бойынша мемлекетке төрт миллион теңгеден астам қарызы бар 50 салық төлеуші анықталып, біразы екі миллион теңгедей қарызын жапты. Салық ведомствосы Павлодар облысының тұрғындарына салық органдарының талаптарын ескеріп, төлемдерді уақтылы жасауға кеңес берді.