Әлеуметтік желіде осы сарындағы хабарламалар өріп жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай аяқталғаннан кейін, өтініш бергендердің мәселесі майшаммен қаралатынын растады. 42 мыңды заңсыз қалтаға басқандар қылмыстық кодекспен қудаланбақ. Бұл ақпарат онсыз да үрей құшағындағы халықты одан сайын уайымға салып қойды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Коронавирусты көлеңкеде қалдырған 42500-дің айналасындағы дау-дамай әлі де бәсеңдер емес. Керісінше, күн өткен сайын күмәнді тұстары көбейіп жатыр. Мысалы, мына бір жағдайда азаматтың уақытша жәрдемақыға берген өтініші мақұлданбаған. Ал көрсеткен себебі жаға ұстатарлық.
«Күлкілі, әрине. Бірақ бір жағынан жағымсыз екен. Карантин басталғанға дейін жұмыс істедім. Мен тірімін, денім де сау, құдайға шүкір! Жоғарыда көрсетілген жауапқа қарап, амалсыз сұрақ туындайды. Олар мені неге өлдіге балап отыр? Мәселе 42500-де емес. Шындыққа көз жеткізгім келеді».
«Бір жоқ, бір жоқты табадының кері» дейміз бе? Екі ортада жер басып жүрген азаматтың өлділер сапында екені белгілі болды. Елорда тұрғыны Дилара да 1414 нөмірінен келген хабарламаны оқып, аң-таң. Декреттік демалыста отырған ананың өтінішіне «әлеуметтік төлем алып отырсың» деп жауап қатыпты.
ДИЛЯРА АЛПЫСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
“Маған ай сайын бюджеттен әлеуметтік төлем алып отырсың деген жауап келді. Бірақ мен Үкіметтен ешқандай төлем алмаймын. Баламның жасы 1 жарымда. Неге бұлай болды?”
Неге бұлай? Басқалар алып жатқанда мен неге қалыс қаламын? 42 мыңның мәселесін бір кісідей жырлап жүрген журналист Гүлназия Жалғасқызы осы сынды сауалдардың санында есеп жоқ дейд.
Көпбалалы аналар, мүгедек балаларды бағып отырған аналар, декреттегі, балаларының жасы 1-ге толмаған аналардың жанайқайын көруге болады. Неге біз бұл төлемнен қағылдық? Неге біз бұл төлемді ала алмаймыз деген сұрақтар бар. Оған министрлік жауап бере жатар.
Иә, бір қауым ел мына жақта асып-сасып жатқанда, жауапты ведомства үнсіз қалмауы керек. Тиісті мамандарға жүгіндік. Айтуларынша, 42 500 теңгеге берілген өтініштердің 37 пайызына тағайындаудан бас тартыпты. Негізгі себептердің бірнешеуін атады. Негізгілері мыналар: өтінім берушілердің жеке бас дерегі, банк деректемесі дұрыс көрсетілмепті. Көбісі банк картасының нөмірін немесе бөгде біреудің шотын жазып қойған. Тағы бірнешеуі тұрақты жалақы төленетін жұмысы бола тұра 42 мыңнан дәмелілер. Сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақы алып отырғандар мен төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істемегендер де тисе терекке деп 42 мың алуға тынбай талпынып жатыр.
42 500 теңге төлемге берілген 37% өтінім бойынша тағайындаудан бас тартылған
Негізгі себептер:
1. Өтінім берушілердің жеке бас дерегі дұрыс емес
2. Банк деректемесі қате
3. Бөтен адамның шот нөмірі көрсетілген
4. Тұрақты жалақысы бар
5. Зейнетақы мен жәрдемақы алып отыр
6. ТЖ дейін ресми жұмыс істемеген
Министрлік берген деректерге сүйенсек, бүгінге дейін қайтыс болған адамның немесе Қазақстан аумағынан тыс жерде тұратын азаматтың атынан берілген өтінішердің саны 534. Алаяқтар өтінімнің онлайн түрде берілетінін пайдаланып, небір айла-шарғыға баруда. Бір ғана Нұр-Сұлтанның өзінде 4 адам зардап шегіпті.
Жауапкершіліктің тағы бір түріне тоқталайық. 42 мыңды алуын алып, қорқыныш құшағында отырғандар көп арамызда. Оған себеп мына бейнехабарлама.
“В дальнейшем, после окончания ЧС будет проводится разбирательства по поводу того кто получил эти деньги не законно”.
Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары «42 500 теңге» айналасындағы заңсыз әрекеттер Қылмыстық кодекс бойынша қудаланатынын жоққа шығармады.
ЦИТАТА:
Қазіргі таңда төтенше жағдай кезінде табысынан қағылған 3 млн адамға уақытша өтемақы тағайындалды. Ал қашықтан жұмыс істеп жүрген азаматтарға жұмыс орны тұрақты табысын сақтауға міндетті. Сондықтан қазіргі таңда әлеуметтік сақтандыру қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Заңға қайшы келетін әрекеттер қылмыстық жауапкершілік бойынша қаралатынын айтқым келеді.
АКМАДИ САРБАСОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Айта кетейік, осыған дейін министр Нұрымбетов заңсыздыққа барғандардың әрекетін ар мен ұятқа қалдырған еді. Осы орайда заңсыз әрекетке барып, енді 42 мыңнан құтыла алмай отырғандарға амал табылды. Өтемақыны қайтарып бергісі келетіндерге арнайы шот ашылып, жұмыс істей бастады.