Дәрігер-нарколог: Маскүнемдіктен емші арқылы арылу мүмкін емес - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Дәрігер-нарколог: Маскүнемдіктен емші арқылы арылу мүмкін емес

Дәрігер-нарколог: Маскүнемдіктен емші арқылы арылу мүмкін емес

Нашақорлық болсын, ішімдік болсын қай қайсы да қоғамдағы өзекті мәселе. Одан жапа шеккен жандар осыған дәлел бола алады.

  • 12 Наурыз 2021
  • 319
Фото - Caravan.kz

Нашақорлықтан, ішімдіктен толықтай бас тарту мүмкін бе? Бұрынғы нашақорлар болмайды деген қағида қаншалықты шындыққа жанасады?

Осы және өзге де сұрақтарға дәрігер-нарколог Сералы Мамытай жауап береді.

— Нашақорлық – ғаламдық проблема екені сөзсіз. Нашақорлықтан толықтай емделіп шығу мүмкін бе?

— Нашақорлық – қазіргі таңда Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең үлкен, ғаламдық проблема. Егерде ол адамның ниеті болатын болса, одан емделіп шығуға болады, ниеті болмаса қанша қуаласаң да емдеп шығу мүмкін емес. Мысалы, 98 жылдан бастап бізде героиня мен наркомания басталды.2000 жылдан бастап адамдар оның қажет емес екенін түсінді. Сол кездерде үлкен клиника болды, адамдар біраз ақшасын беріп сол жерде емделетін. Бірақ, 3-4 ай емнен кейін жолда келе жатқанның өзінде, олар есірткіні пайдаланып кетті. Өз басым 2000 жылдан бастап 2-3 жылдай нашақорлар бөлімінің меңгерушісі болдым. Сол кездерде бір бөлімде 30 төсек болса, сол 30 төсекте адамдар жататын. Сол адамдардың бәрі қойып кетті деп айта алмаймын. 20-30 адамның ішінде 1-2 адам қойып кетсе, оның өзі үлкен жетістік десе де болады. Себебі, нашақорлықты қойдыру өте қиын. Нашақорлықты қою мүмкіншілігі болады, бірақ нашақорлардың өздері айтып жататын “героин умеет ждать”, — деп, ал қазір “наркотик умеет ждать”, — деп айтып жатады. Есірткі әрдайым күте алады дейді, демек бұл өте үлкен ауру, нашақорлықты сол себепті біз созылмалы ауру дейміз.

— Орысша Бывших наркоманов не бывает, — деп жатады. Бұл қаншалықты рас? Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?

Иә, оны нашақорлардың өздері де “Бывших наркоманов не бывает”, — деп айтып жатады. Себебі, жаңа айтып өткенімдей “наркотик умеет ждать”. 5 жылдан кейін болсын, 10 жылдан кейін болсын, 20 жылдан кейін болсын бір рет есірткіні пайдаланып көрген адам, ол қайтадан бастап, қайтадан қолдана бастайды. Ол өтірік емес, “Бывших наркоманов не бывает”, — деген сөз рас айтылған.

— Адамдар әдетте ескірткіні неше жасынан бастап пайдалана бастайды? Осы жағын айтып өтсеңіз.

— Ол қоршаған ортасына байланысты. Қоршаған ортасында нашақор адам болса, ол кез келген жаста пайдалануы мүмкін. Бұрын Оңтүстік аймақта қызмет етіп жүрген уақытымда, ең жас нашақор 7 жасар болатын. Ол 7 жасар болуы мүмкін, басқа да мүмкін. Ол жаңа айтып өткенімдей қоршаған ортасына байланысты. Наркомания ол жасқа қарамайды, кез келген жаста ол өзіне тартып алады.

— Ішімдікке құмарлық туралы айтсақ. Ол да дерттің бірі. Кейбір жандар жақыным қойып кетсін деп суға, шайға қандай да бір дәрілер, сусындар қосып жатады. Сол арқылы арылу мүмкін бе?

— Ішімдікке қарсы берілетін дәрілер бар, оларды шайға, суға қосып бергенде спирттік ішімдік ішкен уақытта адамның ағзасында улы зат түзіледі. Адамның ағзасы уланып қан қысымы түсіп, беттері қызарып, жүректері соғып, өлім қорқыныштары пайда болады, кейін ол қалпына келеді. Ал есірткі қабылдайтын адамдарда ондай қосып беретін дәрі жоқ. Сондықтан, ол дәрілер тек маскүнемдіктен арылуға ғана беріледі. Ол дәрілер арқылы шылым шегуден де арылуға болады. Ағзадағы никотинді қалпына келтіреді де, соның әсерінен темекіні қоюға мүмкіншілігі болады.

— Ішімдікті емшілер арқылы қою мүмкін бе? Ол қаншалықты дұрыс әлде бұрыс?!

— Емшілер арқылы емделу, ол самовнушение. Адамды сол арқылы қалпына келтіру. Емшілерді де психолог деуге болады, емшілерге сенгенде ғана, орысша айтқанда “самовнушение”, — арқылы ғана емделу мүмкін. Ал ішімдікті емшілер арқылы қою ол мүмкін емес нәрсе. Өйткені, емшілер оқиды, шоқиды, одан емделу біздің медицина тілімен айтқан кезде ол мүмкін емес. Олар да дәрі береді, ішімдікке қарсы “отвращение”, — болып, ішімдікке деген тартылу болмайды. Солай адам қоюы мүмкін. Бірақ, қанша дегенмен де емшіге барғаннан көрі, дәрігерге барып емделген дұрыс. Дәрігердің аты ол дәрігер. Қазақта “Шымшық сойса да, қасапшы сойсын”, — деген, сондықтан әркім өз жұмысымен айналысу керек.

— Ішімдікке кімдер көбірек тәуелді? Ерлер ма әлде әйелдер ме?

— Қазіргі таңда ерлер мен әйелдер арасында тепе-теңдік пайда болған. 90 жылдарға дейін ерлер көп ішетін, ал әйелдер аяқ тартып, ішпей жүретін. Қазіргі таңда, 90 жылдардан бастап базарға шыққаннан кейін, сауда жүріп “қыздырынамыз,  қыс кезінде денемізді қыздырамыз”, — деп ішімдік ішіп кетті. Ол кездерде ішімдіктер Қытайдан келетін, ол кезде ішімдікте таза спирт болған жоқ, ол ішімдіктер техникалық спирт болып, оған тәуелділік тез пайда болып, әйелдер мен еркектер бірдей ішімдікке салынып кетті. Айырмашылығы бір ақ нәрсе, әйелдер басында жасырып, жалғыз өзі ішеді де, кейін психикалық тәуелділік пайда болған кезде көп жұрттың арасында іше бастайды. Ал еркектерде керісінше, олар басында жұрттың арасында ішіп жүреді де, кейін маскүнемдікке салынып кеткеннен кейін жалғыз өзі іше бастайды. Маскүнемдікке тез салынып кететін еркектер емес, әйелдер. Себебі еркектерге қарағанда, әйелдердің ағзаларында су 10 пайызға кем. Сондықтан ішімдіктен әйелдердің тез масайуы да, тез салынуы да содан. Спирттік ішімдік ағзаға түскен уақытта, оларда су 10 пайызға аз болғандықтан олар тез масайып қалады. Тез масаятындары осы себептен, айырмашылық осыда ғана.

— Маман ретінде өз кеңесізді айтып өтсеңіз…

— Маман ретіндегі кеңесім, психикалық белсенді заттарды қабылдаудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда жастар синтетикалық есірткіге кіріп кетті. Өйткені, еліктеудің арқасында, қызығушылықпен қолданып соған кіріп кетіп жатыр, оның барлығын доғару керек, қазіргі таңда синтетикалық есірткіні қолданған жағдайда да, 3-4 рет қабылдағанның өзінде адамда психикалық тәуелділік пайда болады. Ол психикалық тәуелділікті алып тастау мүмкін емес. Сондай-ақ, одан шығу өте ауыр болады. Ескірткіні де, маскүнемдікті де қою үлкен проблема. Нашақорлардың өздері “шприцті көргеннің өзінде құмарымыз аса бастайды, қабылдағың, көргің келіп тұрады, әсерін алғың келіп тұрады”, — дейді. Сондықтан, олар оны қабылдаған сайын есірткіге деген құштарлығы артып тұрады, оны қоя алмайды. Оны қабылдамаған дұрыс, негізінде оны көрмеген де дұрыс. Ең дұрысы, темекіні де, ішімдікті де, есірткіні де көрмеген дұрыс. Бір көргеннен кейін одан шыға алмай қаласың.

— Сұхбатыңызға рақмет!