Санитарлық дәрігерлер осындай ресми мәлімдеме жасады. Тіршілік көзінен сынама алған мамандар, оның құрамында қауіпті вирустардың барын анықтаған. Бірақ, нақты қандай зиянды заттар табылғаны ашық айтылған жоқ. Еске сала кетейін, өткен жұмада Бескөл ауылында 130 тұрғын дене қызуының көтерілгенін, жүректері айнығанын, іштері өткенін айтып дәрігерге шағымданған. Вирус жабысқандардың көбі бала. Алдын-ала энтеровирусты инфекция деп топшыланған дерттен 17 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл инфекцияның құрамына көптеген ауру кіреді. Бірақ, нақты қай індет екенін мамандар айта алмай отыр.
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
ЖАНГЕЛДІ ИБРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
"Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар микробтар тізбесі анықталды. Бұл ауыз судың ластанғанын көрсететін бірден-бір дәлел. Құрамында зиянды заттар өте көп. Нақты санау мүмкін болмай отыр".
Ал, ауыл басшыларының қолынан келген бар амалы, ауыз су құбырын қайта дезинфекциядан өткізу. Бірақ, ол да көмектеспей жатқан секілді. Себебі, елдімекенде ауру қайта белең алыпты. Мамандардың сөзінше, вирус жалпы су құбырына заңсыз төгілген сарқынды сулардан түсуі мүмкін. Үрейге берілген жұрт басшылардан тез арада себебін анықтауды талап етеді.
КРИСТИНА АШПЕКОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:"Мен бұл дертпен үшінші рет ауырып шықтым. Бірден айтайын оңай болған жоқ. Ұлым да, енем де вирустан әрең жазылды. Қазір, Бескөлдегі кез-келген үйге кірсеңіз, барлығы ауырып жатыр. Басшылардан сұрайтыным, бізге не болды? Бұл қандай індет? Жауабын айтыңыздар. Қорқайын дедік".
Санитарлық дәрігерлердің сөзінше, қайта алынған сынаманың нәтижесі келесі аптада дайын болады. Ал, оған дейін мамандар тұрғындарға ауыз суды қайнатып немесе бөтелкедегі тіршілік нәрін пайдалануға кеңес береді.