Жамбыл облысында орын алған оқиғадан соң қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерінде не өзгереді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында орын алған оқиғадан соң қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерінде не өзгереді

Жамбыл облысында орын алған оқиғадан соң қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерінде не өзгереді

Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған оқиғадан кейін Қазақстан Қарулы Күштеріндегі оқ-дәрілердің барлық қоймаларын Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін комиссия тексереді.

  • 3 Қыркүйек 2021
  • 2017
Фото - Caravan.kz

Инженерлік оқ-дәрілер қоймасы не себепті өртке оранды, қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін Қорғаныс министрлігінің жауапты лауазымды тұлғалары қандай шаралар қабылдауда? Осы сұрақтарға жауапты әңгіме барысында Caravan.kz медиа порталына  Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев айтып берді.

– Өрттің шығу салдарын комиссия анықтайды. Десе де Арыстан жеткізілген оқ-дәрілер оның себебі болуы мүмкін бе, осы жөнінде айтсаңыз?

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы қоймаға Арыс қаласынан тасымалданған инженерлік оқ-дәрілердің шамамен 10%-і жарылмаған, қауіпсіз және олар өрттің шығуына себеп болмаған.

Өрт болған қоймада жарылған заттың көлемі 198 тоннаны құрады. Бұл бір қоймаға тротил сияқты жарылғыш заттарды сақтау жүктемесінің белгіленген ең жоғары рұқсат етілген 240 тоннаға дейінгі нормасынан аспайды. Қойманың өзі кеңес заманында салынған, сонымен қатар, осындай нысандарға қойылатын барлық талаптарға сәйкес келді.

– Оқиға куәгерлері түсіріп үлгерген видеода үлкен жарылыс болғаны анық көрінді, алайда қалдықтардың таралу ауқымын бағалау қиын. Ол қаншалықты күшті болды?

Қоймада сақталған инженерлік оқ-дәрілерді зақымдаушы негізгі күш соққы толқыны. Оқ-дәрілер қалдықтары әскери бөлімнен солтүстік бағытта 200 метрге, оңтүстік бағытта 400 метрге ұшқан. Батыс және шығыс бағыттарға қарай ұшқан бөлшектер жоқ.

– Өрт шыққан алғашқы сәтте әскери қызметшілер қалай іс-әрекет етті?

Жауынгерлік есепке сәйкес әскери бөлімнің штаттық өрт сөндіру командасы тез арада өртті сөндіруге кірісті.

ТЖМ бірінші өрт сөндіру бөлімшесі келгеннен кейін өртті сөндіру жөніндегі басшылық осы қызметтің өкілдеріне жүктеледі. Басқару құжаттарында бұл жазылған.

Осындай жағдайларды пысықтау үшін сақтау қоймалары аумақтарында, оның ішінде осы әскери бөлімнің жеке құрамымен және Жамбыл облысы бойынша ТЖД бөлімшелерімен бірлескен өрт сөндіру-тактикалық оқу-жаттығулары мен сабақтар кезең-кезеңімен өткізілген болатын.

– Қорғаныс министрі оқиға орнына қашан келді және ол немен айналысты?

Қорғаныс министрі оқиға орнына тез арада аттанды. Алғашқы сағаттарда-ақ ол оқиға орнынан табылды. Бірінші түні ол МТЛБ көлігімен қойманың аумағына кіріп, өрттің алғашқы салдарын, оның таралуын қарады. Жағдайды көзбен шолып, бағалаған соң оларға зардаптарды жоюды ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар берілді.

Қорғаныс министрі Төтенше жағдайлар министрінің, Жамбыл облысы әкімінің, сондай-ақ мемлекеттік органдар жедел штабтары басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылдары үйлестірілді.

– Қазір оқиға орнында кім жұмыс істейді?

Қазіргі уақытта жарылыс салдарын жоюға 200-ден астам әскери қызметші, оның ішінде 80-нен астам сапер тартылды. Қарулы Күштердің өрт сөндіру бөлімшелері техникалық аумақта бықсыған ошақтарды сөндіруді жүзеге асырады.

Ішкі істер министрлігінің бірнеше кинологтары жоғалғандарды іздеуге көмектесуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшесі суды жеткізуде.

– Арыс қаласында төтенше жағдайдан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Қорғаныс министрлігі осындай нысандардағы оқиғалардың қаупін азайту үшін не істеді?

Қорғаныс министрлігі зымырандар мен оқ-дәрілерді сақтау объектілерінде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар қабылдады.

Екі жыл ішінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.

Аталған заңды іске асыру үшін Үкімет қаулысымен тыйым салынған аймақтар мен аудандарды белгілеу ережесі қабылданды. Әскери бөлімдермен шектес және елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін аумақтардағы халықтың және инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген шаруашылық немесе өнеркәсіптік қызметке тыйым салынады.


Бұдан басқа, оқ-дәрілерді ұйымдастыруды және сақтау тәртібін регламенттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілер қайта қаралды.

Қазіргі уақытта біздің бастамамыз бойынша Қорғаныс министрлігіне сақтау объектілеріне қауіп төндіретін немесе қауіп төндіруі ықтимал оқ-дәрілерді өз бетінше жою құзыретін беру үшін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Бүгінгі күні барлық пайдаланылмайтын оқ-дәрілер белгіленген тәртіппен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Қазтехнология»акционерлік қоғамының ведомстволық ұйымына беріледі, онда оларды өнеркәсіптік тәсілмен кәдеге жаратылады.

  • Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау нысандарын жетілдіруді Қорғаныс министрлігі қалай жоспарлайды?

Барлық сақтау объектілерін басшылық құжаттардың талаптарына сәйкес келтіру және оларды белгіленген мерзімде қызмет еткен оқ-дәрілерден босату үшін Қорғаныс министрлігі
2019-2024 жылдарға арналған Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар әзірледі.

Оны іске асыру оқ-дәрілерді сақтаудың соңғы үлгідегі объектілерін салу саласындағы мәселелерді шешуге ықпал етеді. Нәтижесінде біз оқ-дәрілер қорын аумақтық қағидат бойынша жайғастырып, қолда бар объектілерді түсіре аламыз және бұл ретте ашық алаңдарда сақтаудан бас тарта аламыз. Осылайша, қауіпсіз сақтауға жағдай жасалады. Осы жоспардағы іс-шаралардың шамамен 50%-і орындалды.

Бүгінгі күні қауіпсіздік талаптарын және олардың елді мекендерден қашықтығын ескере отырып, оқ-дәрілерді сақтайтын жаңа базалары мен арсеналдарын салу жөніндегі мәселелер кешені шешілді.

Әскери қоймаларды өрттен қалай қорғап қалуға болады?

Оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жарылыс толқынының әсерінен тежеу үшін қорғаныс үйінділерімен (төбелермен) жоспарлы жабдықтау жүргізіледі. Жылда күн күркіреп, найзағай ойнайтын кезеңнің басында гарнизондардың аудандық пайдалану бөлімдерінің мамандары найзағайдан қорғау құрылғыларын тексереді. Құрылғылар ақауы анықталған жағдайда уақытылы жөнделеді.

Оқ-дәрілері бар объектілер мұқият күзетіледі. Қоршау бойындағы аумақтың күзетілетін аумағы техникалық күзет құралдарымен жабдықталады. Сыртқы қоршаудың аумағы және айналасы өсімдіктерден тазартылады.

Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған өрт біздің әріптестеріміздің де өмірін қиды. Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында жергілікті тұрғындар, бейбіт тұрғындар жоқ екенін атап өткім келеді. Негізгі ауыр жарылысы соққысынан әскерилер мен ТЖД өрт сөндіру қызметкерлері ғана зардап шекті. Олардың бәрі жеке басының қауіпсіздігін ойламастан, қызметтік міндеттерін адал әрі батылдықпен орындады. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына ққайғырып көңіл айтамын. Оқиғаның себептері анықталарына сенеміз.