2-маусымда облыс бойынша бұл ұйымның 300 үнқағазы табылған. Онда барлық мұсылман мемлекеттерін бір халифатқа біріктіру туралы үндеу жарияланыпты. Үнқағаздар дүкендердің кіреберісіне тасталған немесе пәтер есіктеріне қыстырылған көрінеді.
2003-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының үнқағаздары алғаш рет сәуір айында пайда болды. Ол кезде Түркістан және Жетісай қалаларынан 58 үнқағаз алынған. Ал соңғы уақытта мұндай үнқағаздар 200-300 данадан ауық-ауық пайда бола бастады. Мамырда мұндай оқиға үш мәрте тіркелді.
2002-жылы ұйымның террорлық сипаттағы жасырын үндеулерін тарату оқиғасы 7 мәрте тіркеліп, орындаушы 4 адам ұсталып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Үнқағаздарды таратушы 5 адам әшкереленген. Ұйымның бір мүшесі заң мекемесіне өз еркімен келіп жауап берді.
Қазақстан аумағында миссионерлік қызметпен заңсыз айналысып жүрген»Таблиги Джамаат» деп аталатын исламдық ұйымның 34 мүшесі — Қазақстан және Өзбекстан азаматтары ұсталып, әкімшілік жауапкешілікке тартылды.
Діни экстремизмге тән көрініс облыста алғаш рет 1998-жылы тіркелді. Ол кезде тақуалыққа бой ұрған жергілікті жастарды елдегі конституциялық құрылымды құлатуға ашықтан-ашық шақырып жүрген Египеттік және Иордандық азаматтардың қылмысты пиғылына тосқауыл қойылды. Исламдық «Тайба» қозғалысының халықаралық эмиссарлары болып шыққан бұл екі шетелдік азамат заң алдында жауап беріп, Қазақстан аумағынан аластатылған.
2000-жылы Түркістанда радикалдық «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының бөлімшесі жойылды. Онда қару-жарақ пен жарылғыш заттар , елдегі конституциялық құрылымды құлатуға шақырған үнқағаздар тәркіленген болатын.