КТК құбырымен 15 миллион тонна мұнай тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне «Эмбамұнайгаз» ААҚ-ның президенті Нұрпейіс Махашев хабарлады.
Нұрпейіс Махашевтің айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін өткен жылғыдан 3 миллион тонна мұнайды артық тасымалдау межеленіп отыр. 2004-жылы тасымалданатын мұнай көлемі бұдан да артуы тиіс.
Ал «Ақтөбемұнайгаз» бен КИО Каспий құбыр жүйесіне шығу мүмкіндігіне алдағы бірнеше айда ие болмақ.
Бұдан бұрын да хабарланғанындай, қазір КТК құбыр жүйесімен еліміздің Теңіз және Арман кеніштерінен шығарылған мұнай тасымалдануда.
Сондай-ақ, КТК «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясымен мұнай тасымалы туралы келісімге қол қойған. КТК құбыр жүйесінің бірқатар акционерлерінің аффилиирлік жүк тасымалдаушысы болып табылатын бұл компаниямен келісім бойынша КТК Қазақстанның Қарашығанақтағы газконденсаты кенішінде өндірілген көмірсутегі шикізатын тасымалдайтын болады.
Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы жағдаймен Каспий құбыр жүйесі консорциумы дүниежүзілік рыноктарға 16,1 миллион тонна мұнай жіберді. 2003-жылдан бері айдалған мұнай көлемі 4,04 миллион тоннаны құрады.