Тұрар Рысқұлов ауданындағы тұрғын үйлер 15-қазанға дейін, мектеп ғимараттары 25-тамызға дейін, ал шеберханалар, спортзалдары мен алаңдары 2003-жылдың 1-қазанына дейін салынып бітуге тиіс.
Д.Ахметов Алматы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық облыстардың құрылыс жұмыстары қарқынын қанағаттанарлық емес деп бағалады. «Қираған ескі үйлерді құлатып, жаңасын тез арада салып бітіру-қазіргі басты мақсат. Билікке деген сенімсіздіктің орын алуы- осы мақсаттың жүзеге аспауынан «,- деді үкімет басшысы. Құрылыс салу жұмыстарына тартылған жұмысшылар санын негізінен жергілікті түрғындар есебінен бір аптаның ішінде арттыру талабын қойған Д.Ахметов бірақ осы орайда жұмыс сапасын да қаперден шығармауды тапсырды.
Зілзала зардабын жоюға республика үкіметі 2,8 млрд. теңге бөлген. Ал тұрғын үйлер құрылысын салу Республикамыздың барлық облыстары, Астана және Алматы қалаларының жеке қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 20-маусымдағы жағдаймен қайырымдылық қорда 378,9 млн. теңге жиналды. Д.Ахметовтың пайымдауынша, бұл қаржылар діттеген мақсатқа жетуге тиіс. Ал егерде жағдай өзгеріп жатса, қосымша қаржы көздерін табуға болады деді Д.Ахметов.