Қазақтың бір туар азаматы Абай Құнанбаев тек қана ақын, ағартушы және жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы ғана емес, өз заманында заң жүйесін қабылдаған заңгер ретінде де қарастырғанымыз дұрыс болар. Бұл жөнінде де тың деректі 1983-1994 жылдары ҚР Бас Мұрағат басқармасын басқарған Сапар Байжановтың «Абай және архив» атты еңбегінде жазып қалдырған екен.
Бұл заң 1885 жылы мамыр айында Семей облысының Шар өзені бойында Қарамола дейтін жерде сол кезеңдегі Семей облысың Қарқаралы және Керекуден Зайсан-Өскеменге дейінгі жалпақ өңірді жайлаған бес дуан елінің сайланмыш адамдары – билері мен болыстары, қадірменді өкілдермен бас қосып айтулы сьез өткізеді. Бұл сьезге Ресей патшалығының Өскемен оязы Маевский, әскери губернатор Цилинский бастаған бірнеше ұлықтар мен әкімдер де қатысып, Ереже-заңды мақұлдап қол қойып бекіткен. Бұл жөнінде Сапар Байжанов Абайдың өмірі және шығармашылығын жетік білуші Әхрам Кәкітайұлының естеліктерін мысал етеді.
Бұл заңды жазу барысында Абайдың нақты жасы қырықта екенін байқауымызға болады. Заң ең алғаш рет «Дала уәлаяты» газетінде және Қазан қаласында жеке кітап болып басылған көрінеді. Алайда бұл маңызды құжатты Орталық архивке кім өткізді? деген сұрақ туары заңды. Бұл ереже 1887 жылы Қазан қаласындағы Қазан университетінің баспаханасында араб әліпбиімен басылып шыққан екен. Мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын жазушы Ғабит Мүсірепов өмірінің соңына қарай, архив басқармасының басшысы Сапар Байжанов арқылы Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен екен.
Зерделі жазушы Ғабит Мүсірепов әлгі ережемен қоса төмендегідей қолхатты қоса жолдаған екен:
«Сапар!
1885 жылы Қарамолада бес дуанның сиезінде қабылданған ережені беріп жібердім.
1. Ескіше білетін біреуге түгел жаңа алфавитпен көшіртіп аларсың да, бастырып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар).
2. Ереже әуелі орысша басылған, Қазан университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс болар.
3. Бұл өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққаны үлкен еңбек болар еді. (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой).
Абай арызын алдым. Рахмет.
Ғабит Мүсірепов. 21.11.85.
Р. Көшіргенде татарша текстің өзін қазақшалаған дұрыс болатын шығар. Ғ.М.»
Өткен ғасырдың аяғында Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылғы Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланған екен.
Бастапқыда Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең меңгергенін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, адам құқын жан-жақты қорғауға белсене қатысады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола сьезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі (73 статья, кей деректер бойынша 74 статья) қабалданады. Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша Абай тізген ереже бабы жүзден асады. Шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже айтады.
Бұл қабылданған ережеде көбіне сол замандағы мәселелер жөнінде жазылып, бекітілген. Билік заңы, сот заңы, жер дауы, жесір дауы, ұрлыққа тыйым салу, құн дауы, жастай қыздарды тұрмысқа беру сынды ерте кезден келе жатқан жайлар толық баяндалып, оған қарсы қандай заңдарды қабылдау керек екені жазылған.
Ережеде баса назар аударып, біршама қағидалар қабылдаған ол ұрлық заңы. Бұдан байқайтынымыз сол заманда, ұрлық, барымташылық ел ішінде көп тараған қылмыс екенін аңғаруымызға болады. Ережеде тек ұры ғана емес, оған серіктес болып, оған көмектескендерден бөлек сол ұрланған малды біле тұра сатып алған адамда жазаға тартылатыны жазылған. Егер би немесе молданың теріс әркеттерін байқаса немесе болса, оны тексеруге құқылы екенін жазып қалдырған.
Ережеде тағы баса назар аударған әйел теңдігі, махаббат бостандығы, қалың мал, қыз жасауы, әмеңгерлік мәселелеріне қатысты назар аударғанын да баса айтып өткен жөн. Әлбетте, бұл тарапта Абай өмір сүрген дәуірдің ақиқат болмысы екеніне еш шүбәміз жоқ және бүкпесіз бой көрсеткеніне еш таңдануға болайды.
Сонау ХІІІ ғасырда билер атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады. Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті. Абайдың ел билеудің әділеттік, құқықтық жүйесіне сай заң нормаларын заман талабына сай жаңартады. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілікті һәм құқықтық мұрасын барынша игерді.
Авторлар:
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері -Жанатаев Данат Жанатайұлы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты – Кадирова Роза Валиханқызы