Оған Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина сыртқы істер министрліктері консулдық қызметтерінің өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар ТМД елдері арасында қол қойылған консулдық конвенция тәртіптерінің жүзеге асырылу барысын талқылады. Күн тәртібінде сондай-ақ, заңсыз көші-қонға бақылау қоюды қамтамасыз ету шаралары туралы, азаматтардың өзара қатынауы туралы қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу, сондай-ақ, шекарадан өтуге құқық беретін құжаттар тізімі туралы мәселелер қаралды.
ҚР СІМ-нің консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың хабарлауынша, бас қосуға қатысушылар шекарадан өтуге құқық беретін құжаттар тізімінен дүниежүзілік тәжірибеде қолданылмайтын құжаттарды алып тастау қажеттігін мәлімдеген. Атап айтсақ, құжаттар тізімінен жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін алып тастау жоспарланып отыр. Бұл шараның енгізілу мақсаты — туу туралы куәлікте баланың суреті болмайтындықтан бұл құжатпен басқа баланы алып шығу мүмкіндігіне байланысты болмақ. Ал халықаралық стандартқа сәйкес, бала туған сәттен бастап оған шетелдік төлқұжат беруге болады.
ТМД елдері СІМ-нің консулдық қызметтері басшыларының консультациялық кеңесінің кезекті отырысы 2004-жылдың екінші жартысында Душанбе қаласында өтетін болып келісілді. Бұл отырыста «ҚР СІМ-нің халықаралық бала асырап алу саласындағы тәжірибесі туралы» қазақстан жағының баяндамасы талқыланады деп күтілуде.