Елорда әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева өз жазбасында Асқар Забикулиннің қазасы бәріміз үшін орны толмас қайғы екенін айтқан. Ол Асқардың жанкешті әрекетінің арқасында бірнеше адамды құтқарып қалғанын атап өткен.
"Асқардың артында екі кішкентай баласы қалды. Өздеріңіз білетіндей, Асқар Забикулиннің жұбайына үш бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды. Жаңа баспана Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл пәтер Аскардың отбасына жекеменшікке, әрленген күйде әрі жиһазымен бірге беріледі. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр.
Ал құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына көмек ретінде ипотекасы жабылды. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сол сияқты Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына тиесілі 6 миллион теңгенің несиесі өтелді", — деп мәлімдеді Ақмарал Олжабаева.