Алматыда бір тәуліктің ішінде Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде 18 рет қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.Департамент мәліметінше, түскен қардың көлемі 29 мың текше метр.
"Қар көшкіні адам өтпейтін таулы аймақтарда түсті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өзен арналары мен жолдарға қар түскен жоқ. Көшкін қауіпі туралы алматылықтар мен қала қонақтарын медиабордтар ескертуде, онда тауларда көшкін қаупі туралы хабарлама таратылады, ұялы телефондарға SMS-хабарламалар жіберілді", — делінген департаментте.
Құтқарушылар осы уақытта таулы жерлерге бармауға, тік қарлы беткейлерден сақ болуға, тау шаңғысы курорттарындағы қоршаулардан тыс жерлерге шықпауға кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Шымбұлақ аумағында қар көшкіні жүрген.
Сондай-ақ, кеше Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүріп, жалпы көлемі 600 текше метр қар түскен.